09 қаң, 2020 сағат 12:14

Қазақстанның жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобына мүшелігінің маңыздылығы неде?

Қазақстан Еуропа кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) бастамасына қосылды.

Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Депутаттық корпустың қолдауының арқасында, келісімді ратификациялау туралы құжат Парламенттің қос палатасымен қысқа мерзімде қабылданды. 2019 жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы тиісті Заңға қол қойды. Осы сәттен бастап Қазақстан ГРЕКО-ның 50-ші жаңа мүшесі атанды», - деді О. Бектенов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Осы орайда ол аталған ұйымға мүшеліктің басымдықтары туралы айтып берді.

«Бірінші кезекте, Еуропа Кеңесі сарапшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға үнемі мониторинг жүргізіп түрады. Бұл тұрғыда әлемдік үздік тәжірибелерге, халықаралық нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестік бағыты назарда болады. Мониторингтің әрбір раундының қорытындысы бойынша елімізге тиісті ұсыныстар жасалады, яғни жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тиімділігін арттыру мақсатында заңнамаға өзгерістер немесе ұйымдастыру шараларын қабылдау қадамдары пысықталады», - деді ол.

Белгілі болғандай, аталған ұсыныстар мен кеңестерді орындау үшін мемлекетке 18 ай мерзімі беріледі. Сонымен қатар, бұл мерзімді жарты жылға ұзарту мүмкіндігі қарастырылған. Осыдан кейін сарапшылар ұсыныстарының орындалуы деңгейіне баға беріледі.

Айта кетейік, ГРЕКО-ға қосылу арқылы Қазақстан сарапшылары да Еуропа Кеңесінің бағалау топтары құрамына енетін болады. Бұл ретте ГРЕКО-ға қатысушы өзге де елдердегі мониторингтік шараларда қамтылады.

Оның сөзіне қарағанда, ГРЕКО-ға қосылу Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы конвенциясын ратификациялауға жол ашады. Бұл өз кезегінде қылмыскерлерді экстрадициялау, олардың заңсыз тапқан мүлкін қайтару мәселелері бойынша Еуропа елдерімен ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен жылдың соңында Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы өкілдерінің және бағалаушы топтар мүшелерінің (ГРЕКО) артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.