Танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді еске алу рәсімі Токиодағы Қазақстан елшілігінде де өтіп жатыр. Спортшының жапондық табынушылары өз кумирімен қоштасу үшін ұзын-сонар кезекте тұр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Елшілік жіберген видеожазбаларда гүл ұстаған халықтың көңіл айту кітабына жазба қалдыру үшін кезекте тұрғанын көруге болады.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың хабарлауынша, толассыз адамдар легі Елшілікке әлі де келіп жатыр және олар көңіл айтуға арналған сегіз кітапты толтырып үлгерді.
Еске сала кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.
2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.
Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.