02 сәу, 2021 сағат 10:41

Қазақстанның Сырдариядан алатын үлесі қандай?

Қазақстанның Сырдария өзенінің бассейнінен алатын су үлесі 1982 және 1984 жылғы құжаттармен реттеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Сырдария өзені арқылы жыл сайын кемінде 10 текше шақырым су алып отыруы керек. 

Ал су мол жылдары бұл меже 12 текше шақырымнан аз болмауы тиіс. Сонау кеңес заманында бекітілген құжаттарда бұл шарт анық жазылған. 

Экология, геология және табиғи ресрустар министрлігі редакция жолдаған сауалға осындай жауап берді.

«Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының мемлекеттік жоспарлау комитеті мемлекеттік сараптау комиссиясының 1982 жылғы 5 мамырдағы №11 қаулысымен бектілген «Мемлекеттік сараптау комиссиясының сараптамалық қорытындысы» және КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі ғылыми-техникалық кеңесі отырысының 1984 жылғы 29 ақпандағы № 413 хаттамасымен бекітілген «Сырдария өзенінің бассейніндегі су ресурстарын кешенді пайдалану мен қорғаудың нақтыланған схемасына» сәйкес Сырдария өзенінен Қазақстанның үлесі - орташа көпжылдық мөлшерде 12 км3, ал су аз жылдары - 10 км3 деп белгіленген» деп жазылған жауапта. 

Министрлік мамандарының айтуынша, аталмыш құжаттарда Шарадара су қоймасына дейінгі тұстарда Сырдария бассейнінен Қазақстанға кіретін судың көлемі де нақтыланған екен.

«Сонымен қатар, Шардара су қоймасына дейін Сырдария өзенінен Фархад су торабынан Достық мемлекетаралық каналы бойынша - 1,11 км3, ал Шыршық өзені, Үлкен Келес магистралдық каналы, Зах, Ханым, Бозсу мемлекетаралық каналдары бойынша-1,07 км3 үлесіміз бар» делінген вице-министр Серік Қожаниязовтың жауабында.