12 қар, 2019 сағат 11:44

Қазақстанның шекара бойында ешқандай жауы жоқ – Нұрсұлтан Назарбаев

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның шет елдермен достық қарым-қатынасы жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде Қазақстанның өз шекарасында ешқандай жауы жоқ. Бізде тұтас достық қарым-қатынас орнаған. Оның үлгісі – Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы. Қазақстан мен Қытай қатынасы да сенімге негізделген. Орталық Азия бойынша оңтүстік көршілермен де арамыз тату. Сондықтан, дәл осы жерге әлемдік дін көшбасшылары жинала алады. АӨСШК осында құрылды. Сирия шиеленісі бойынша келіссөздің 10-раунды да осында өтеді. Себебі олар Қазақстанға сенеді. Осының арқасында менің араласуыммен Ресей мен Түркия арасындағы өткір шиеленіс шешілді», - деді Тұңғыш Президент.

Сонымен бірге, Елбасы Қазақстан Еуропалық одақпен, АҚШ-пен достық қарым-қатынаста екенін жеткізді. Тіпті Солтүстік Кореямен де арада қарама-қайшылық жоқ.

«Мұндай бағыттағы даму Қазақстанның қалыпты дамуына және өз мәселелерін шешуіне мүмкіндік береді. Қазақстан ауқымды күрделі тарихтан шыққан жас мемлекет. Өз аяғымызға нық тұру үшін, өзіміз қалағандай мемлекет болу үшін әлі көп жыл қажет», - деді Назарбаев.