ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Иманғали Тасмағамбетовтың Елші қызметінен босатылуына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген министр, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов кеткеннен кейін оның қызметін уақытша кім атқаратынын айтып берді.
«Кеңесші-елші атқарады. Кеше арнайы бұйрыққа қол қойдым. Нұржан Қажиақбаров Елшіліктегі екінші адам, оған Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы істерінің уақытша сенімді өкілі міндеті жүктелді. Нұржан Қажиақбаров жаңа Елші тағайындалып, Ресей Президентіне сенім грамотасын тапсырғанға дейін міндетін атқаратын болады», - деді ол.
Министр БАҚ өкілдерінің Иманғали Тасмағамбетов Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызметін жалғастыра ма деген сауалына да жауап берді.
«Ол зейнет жасына жетуіне байланысты өз еркімен жұмыстан шықты. Сондықтан да менің түсінуімше, ол СІМ жүйесінде қалмайды» деді М.Тілеуберді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылғанын хабарлаған едік.