Бүгін Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Е.Өтембаевқа, А.Қарашевқа, Б.Нұрекеновке қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бұдан бұрын Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотының 2020 жылғы 18 қыркүйектегі үкімімен Қарашев (СІМ-нің бұрынғы жауапты хатшысы) лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны (ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы), ал Өтембаев (Қазақстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі) пен Нұрекенов (мердігерлік ұйымның директоры) көрсетілген әрекеттерге жәрдемдескені үшін (ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігі, 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы) кінәлі деп танылған.
Прокурор Қарашевты пара алды және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген айыптан бас тартты, сәйкесінше істің осы бөлігі тоқтатылды.
Кассация істі зерделеп, сотталғандарды ақтауды сұраған адвокаттарды, істі жаңа қарауға жіберуді ұсынған прокурорды тыңдай келе, келесі тұжырымға келді.
«Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен сот тергеуі біржақты әрі жарым-жартылай жүргізілген. Айыптау актісіне сәйкес, Қарашев, Өтембаев пен Нұрекенов Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің құрылысы бойынша орындалған жұмыстар актісіне қол қойған, нәтижесінде бюджетке 53 млн. теңге сомасында (орындалған және актілерде көрсетілген жұмыстардың айырмашылығы) залал келген.
Бірінші сатыдағы сот сараптама ескермеген материалдар мен мердігердің шоттарындағы қаражат қалдығын 53 млн. теңгеден алып тастап, залал мөлшерін 22 млн. теңге деп таныған», - делінген ресми хабарламада.
Осы ретте, тергеу мен сот органдары мынадай мән-жайларды анықтамаған:
1. Елшілік ғимаратының құрылысын басқа мердігер бастаған. Тағылған айыптың негізіне алынған сараптама қорытындысы бойынша алдыңғы мердігер 274 284 632 теңге көлеміндегі (орындалған және актілерде көрсетілген жұмыстар құнының айырмашылығы) жұмысты орындамаған. Сот шешімімен аталған мердігер мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған.
Нұрекенов бастаған мердігер кемшіліктері бар, аяқталмаған нысанды қабылдап, құрылысты соңына дейін жеткізген. Нысан 2019 жылы пайдаланылуға берілген.
2. Қалдық жұмыстарға арналған жобалық-сметалық құжаттама (нарықтық бағалардың өзгеруін, алдыңғы мердігер орындамаған жұмыс көлемін ескере отырып) бекітілмеген. Яғни, жұмыс түрлері мен олардың құны тапсырыс беруші мен мердігер арасында келісілмеген.
Алдыңғы мердігер жұмыс істеген және оның сәйкестігіне сараптама жүргізілген ЖСҚ-ның кемшілігі мен оны түзету қажеттігін Нұрекенов басшылық еткен мердігердің актілерде көзделмеген 59 млн. теңгеден астам сомаға жұмыстар орындалғаны айғақтайды.
3. Бақылауға алу мақсатындағы өлшеу актісі негізінде жүргізілген сараптама 2018 жылы орындалған. Ал нысан 2019 жылы пайдалануға берілген. Яғни, құрылыс аяқталғаннан кейін орындалған жұмыстардың көлемі есептелмеген.
4. Айыптау актісінде қылмыстық қудалау органдары елшіліктің құрылысына бөлінген ақша қаражатын жымқырғаны туралы дәлелдерді ұсынбаған. Өзбекстан Республикасында барлық есеп айырысу қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Шоттағы, қолма-қол ақшаның алынғаны, материалдардың немесе жабдықтардың сатылғаны анықталмаған. Мердігердің кәсіпорны СІМ-нің шаруашылық басқармасына ведомстволық бағынысты ұйым болып табылады.
«Осының барлығы залал фактісі мен сомасы туралы мәселені тексеру қажеттігін білдіреді. Заң талаптарына сәйкес сот тергеуін жүргізуге және жаңа дәлелдемелерді зерттеуге кассациялық сот уәкілетті емес. Осылайша, сот актілерінің күші жойылып, іс апелляциялық сатыға қайта қарауға жіберілді», - делінген Жоғарғы соттың осы іске қатысты деректерінде.