27 қаң, 2022 сағат 23:26

Қазақстанның Олимпиадалық командасы Бейжіңге аттанды


27 қаңтар күні қазақстандық делегация Нұр-Сұлтан-Алматы-Бейжің бағыты бойынша Олимпиада ойындарына ұшып кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Барлық спортшы мен бапкер ұшар алдындағы соңғы аптаны карантинде өткізді. Нақтылап айтар болсақ, олар үшінші тараппен байланыспай, көпшіліктен бөлек тұрып, бөлек жаттығу жасады. 

Қытайға делегацияны арнайы «Air Astana» әуе рейсі барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жеткізеді.

Бұл рейспен конькимен жүгіру, фристайл-могул, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысынан ұлттық құрамалар ұшып кеткен. 

Ал қорытынды жиынды шетелде өткізіп жатқан биатлон, шаңғы жарысы және шаңғы акробатикасынан ұлттық құрамалар Қытайға өз бағыты бойынша келеді.

«Бүгін біз Олимпиада ойындарына ұшып барамыз. Бұл - бәріміз үшін толқитын сәт. Біз жақсылықтан үміттіміз және мұндай жауапты жарысты бар күшімізді саламыз. Осындай қиын кезеңде барлық жағдайды жасап, қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына мен Үкіметке, Ұлттық Олимпиадалық комитетке алғыс айтамын. Біз қандай кезең болса да, жаттығуды үзген емеспіз», - дейді Қазақстан командасының ту ұстаушысы, шорт-тректен құрама көшбасшысы Абзал Әжіғалиев. 

Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 4 ақпан күні Бейжіңдегі Ұлттық стадионда өтеді. 

Фото: Сали Сабиров, Владислав Семёнов, Қазақстан ҰОК