23 жел, 2019 сағат 13:25

Қазақстанның EXPO-2020 көрмесіндегі павильонына қанша қаражат жұмсалды?

Дубайдағы Дүниежүзілік EXPO-2020 көрмесіне қойылатын Қазақстан павильонына 9 млрд теңге жұмсалды. Бұл туралы ҚР сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұған дейін Дубайдағы Қазақстанның павильонын әзірлеу жұмыстары жүргізілді, оған бюджеттен 9 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат есебінен біздің павильон кейінірек Қазақстан аумағына жеткізіледі және елордада немесе өңірлерде отандық өнімді таныстыру бойынша қызмет ете береді», - деп жауап берді министр ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына.

Айта кетейік, Дүниежүзілік EXPO көрмесі Таяу Шығыста бірінші рет өткелі отыр және оны 25 млн адам тамашалайды деп күтілуде. Көрме 2020 жылдың 20 қазанынан 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» тақырыбында өтеді. Оның ішінде «Мүмкіндік», «Мобильділік» және «Тұрақтылық» ұғымдарына баса мән берілмек.

Көрме кешені «үш жапырақ» пішінінде ұсынылған, оның диаметрі 150 метрді құрайтын орталық нысаны «Әл-Васл» плазасы деп аталады. Орталық нысан жанында Біріккен Араб Әмірліктерінің павильоны мен 3 тақырыптық кластер орналасады. ЭКСПО кешенінің жалпы аумағы 438 гектарды құрайды. Онда 150 га болатын көрме аумағы, жерүсті метро стансасы, «Dubai South Mall» сауда орталығы, тұрғын үйлер, логистикалық және қонақ үй нысандары бар.