Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған азаматтардың есімі белгілі болды. Осы ретте ерекше белгі иегерлерінің өмірбаяны мен еңбегіне қысқаша шолу жасап өтсек.
Ахметжан Есімов
Әлбетте, биылғы жылы табысты өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі туралы сөз қозғасақ, Ахметжан Смағұлұлын айналып өте алмаймыз. Үш ай бойы «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы өзінің командасымен әлемдік шараны сәтті өткізуге барын салды.
Ахметжан Есімов 1990-1992 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік агроөнеркәсіптік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1992-1994 жылдары Алматы облысы әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған. 1994-1996 жылдары - ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып, 1996-1998 жылдары - Мемлекеттік хатшы, бұдан кейінгі қызметтерде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, Инвестиция жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы, Президенті Әкмішілігінің басшысы, Бенилюкс елдеріндегі (Бельгия Корольдігі, Нидерланды Корольдігі және Люксембург Ұлы Герцогтігі) ҚР Төтенше және Өкілетті елшісі болған.
2006-2008 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрі қызметтерін атқарып, 2008 жылдың сәуірінен бастап Алматы қаласының әкімі болған еді. 2015 жылдың тамызында «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының» АҚ Басқарма Төрағасы болып тағайындалды. «Құрмет белгісі», «Парасат», «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені, медальдармен марапатталған.
Руслан Қуатов
«Қазақстанның Еңбек Ері» ерекше белгісін «Теңізшевройл» ЖШС менеджері Руслан Қуатов та алып отыр. Мұнай және газ саласының білгір маманы әрі сарапшы «Теңізшевройл» ЖШС-нің жетістіктерімен мақтана алады. Қазақстандық мұнайшылар шетелдік білікті мамандарды алмастырып, жауапты басшылық лауазымға тағайындалып жатыр. Солардың бірі, осы саланың майталманы - Руслан Қуатов. Руслан Тұржанұлының мұнай саласында еңбек еткеніне 30 жылдан асып кеткен.
Рулан Қуатов еңбек жолын Балықшы мұнай-газ барлау экспедициясында бастаған. Мектеп кезінен бастап мұнай-газ саласына ерекше қызығушылығы туыпты. 1993 жылы Қазақстандағы мұнай кен орындарының бірін игеру үшін шетелдіктермен бірлескен кәсіпорын құрылып, Руслан Қуатов «Теңізшевройл» ЖШС шақырылады. Жұмысты бас маман болып бастаған ол білімі мен тәжірибесінің арқасында кейін шетелдік маманды алмастырып, басшылық қызметке тағайындалады.
«Мұнай өндірісіндегі техникалық жабдықтардың жұмысын қамтамасыз етуде Руслан басқаратын топтың маңызы ерекше. Білікті басшы. Қызметкерлерге ылғи да ағалық қамқорлықпен қарайды», - дейді Руслан Қуатовтың әріптесі Майкл Пиллоу.
Жақсылық Үшкемпіров
Жақсылық Әмірәліұлын білмейтін адам Қазақстанда кемде-кем. Ол - КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері. Ол - Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Ол - Қазақ КСР еркін күрес бойынша чемпионы. Сонымен бірге, Әлем чемпионы (1981), Әлем кубогының күміс жүлдегері (1980), Кеңес Одағы біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы (1975, 1980). Бір сөзбен, қазақ атын әлемге паш еткен Жақсылық Әмірәліұлы кез келген атаққа лайық.
Бала кезінен Қазақ күресімен айналысқан ол жоғары оқу орнында жүрген кезінде күрестің классикалық және еркін түрлерімен шұғылдана бастаған. Кейін Роман Ильматовтың кеңесімен күрестің классикалық түріне көшуді жөн көреді. Арқадан асырып лақтыруда ешкімге есе бермеген Жақсылық Әмірәліұлы осы әдіспен ең мықты қарсыластарын тізе бүктірген екен. 1975 жылы Алматыда өткен алтыншы жазғы халықтар Спартакиадасында балуан ең мықты боз кілем шеберлерімен белдесіп, чемпион атанған. Бұл Үшкемпіровтің көтерілген тұңғыш тұғыры еді. Бұдан кейін ол қазақ жерінде жеті дүркін жүлдегер атанған.
1980 жылы Мәскеуде өткен Жазғы Олимпиада ойындарында балуандардың арасында Жақсылық Үшкемпіров те бар еді. Олимпиаданың жеребе рәсімінің қорытындысы бойынша қазақ балуаны бірінші белдесуде әлемнің екі дүркін чемпионы Александруға түсіп қалады. Бірақ, қаймықпаған жас балуан ең мықтылардың қатарындағы румын Александру, поляк Керпач, болгар Христов, венгр Шерештерді қоғадай жапырып, жалпақ әлемге Қазақ атын паш етті.