01 қар, 2019 сағат 15:14

Қазақстанның Болгариядағы елшісі тағайындалды

Теміртай Ізбастин Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасай отырып.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Теміртай Рымтайұлы Ізбастин Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды», - делінген хабарламада.

Теміртай Рымтайұлы 1957 жылы 10 қыркүйекте Павлодар облысы Баянауыл ауылында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (1980 ж.), Қазақ ұлттық педагогикалық университетін (2008 ж.), Ресей СІМ Дипломатиялық академиясында Халықаралық дипломатиялық курстарын бітірген (1999 ж.). Болгариядағы София университетінің доктор (PhD) ғылыми дәрежесіне ие (2015 ж.). ҚР СІМ жүйесіндегі қызметін 1994 жылдан бастап, Қазақстанның Венгрия мен Қытайдағы елшіліктерінде жұмыс істеді. 1997 жылдан 2001 жылға дейін Дюссельдорф-Мейрбуш қаласында (ГФР) ҚР консулы болып жұмыс істеді. 2002 жылы ҚР-ның Аустриядағы Елшілігінің консулы, кейін кеңесшісі болып тағайындалды. 2005 жылдан 2009 жылға дейін Консулдық қызмет департаментінде басқарма бастығы, директордың орынбасары лауазымында және департамент директорының міндетін атқарды. 2009 жылы Болгариядағы Қазақстанның Дипломатиялық миссиясының басшысы болып тағайындалды. 2019 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстанның Болгариядағы Елшісі. II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломаттық дәрежесі бар. Неміс, болгар және ағылшын тілдерін меңгерген. Үйленген, 4 баласы бар.