17 қыр, 2019 сағат 14:24

Қазақстанның арзан бензинін сыртқа заңсыз шығаратындармен күрес қалай жүреді?

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Қазақстан мен Ресей шекарасында көлік кептелісі неден туындайтынын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгінде біз бір проблемаға тап болып отырмыз. Қазақстанда жанар-жағармай бағасы Ресейге қарағанда айтарлықтай арзан. Осы орайда елімізден көрші мемлекетке жағармайды алып шығуға ниеттілер аз емес. Сондықтан отынды Қазақстаннан заңсыз тасымалдайтындарға тосқауыл қоюға мәжбүр боламыз. Осы тектес шектеу шаралары болмаса, онда елімізде алдағы уақытта жанармай бағасы қымбаттауы ықтимал», - деді Д. Ділманов Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында.

Оның атап өтуінше, осындай жағдай металл мен целлюлозаға да қатысты болып отыр. Бұл өнімдер де Ресейдегі зауыттарға тасымалданады.

«Мұндай қызметтермен айналасу біздің өкілеттікке кірмейді, алайда алға қойылған мақсаттарды орындауға міндеттіміз», - деді Д. Ділманов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенатта «2006 жылғы 3 қазандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Қазақстанның және Ресейдің шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Қазақстан мен Ресей шекарасында көлік кептелісі неден туындайтынын түсіндірді.