24 ақп, 2021 сағат 15:25

Қазақстанның абыройын асқақтатқан Олимпиада чемпиондары

Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткізді. Осы 30 жыл ішінде көптеген спортшылар халықаралық аренада қазақ елінің абыройын асқақтатып, көк туын желбіретті. Ел намысын қорғаған спортшылар жайында ҚазАқпарат тілшісі айтып береді.

Еліміздің тәуелсіздік алғанына биыл 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстан спортшылары жазғы және қысқы Олимпиада ойындарына қатысып келеді. 

Айта кетейік, 1988 жылға дейін қазақ спортшылары КСРО құрамасының қатарында өнер көрсетті. Ал 1992 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарында еліміз тәуелсіздігін жариялағанымен, спортшыларымыз Біріккен команда құрамына енді.

Өзі жеке ел ретінде қатысуды тұңғыш рет 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиадасынан бастады.

Бұл байрақты бәсекеге 67 мемлекеттен 1 737 спортшы қатысты. Олар спорттың 12 түрі бойынша 61 жүлде жиынтығын сарапқа салды.

Лиллехаммерде Қазақстанның туы астында 29 спортшы өнер көрсетті. Сол жарыста шаңғышы Владимир Смирнов қана жеңіс тұғырына көтерілді. Ол ерлер арасындағы 50 шақырымдық жарыста мәре сызығын бірінші болып қиды. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы Олимпиада ойындарының бірінші жүлдесі, азаттықтың алғашқы алтыны еді. 

Келесі Олимпиада ойындары екі жылдан кейін, 1996 жылы Американың Атланта қаласында өтті. Жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық спортшылар 11 медальді жеңіп алды. 3 отандасымыз чемпион атанып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 

Олар: Василий Жиров - 81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан боксшы. Олимпиада нәтижесі бойынша Вэл Баркер кубогына қол жеткізген алғашқы отандасымыз. Юрий Мельниченко - грек-рим күресінен 57 келі салмақта өнер көрсетіп, жеңімпаз атанды. Александр Парыгин бессайыстан Олимпиада чемпионы болды. Боксшы Болат Жұмаділовке (51 келіге дейін салмақта), нысана көздеуден Сергей Беляевке, ауыр атлет Анатолий Храпатыйға күміс бұйырды. Қола медалін былғары қолғап шеберлері Болат Ниязымбетов (63,5 келіге дейін), Ермахан Ыбрайымов еншіледі. Сондай-ақ нысана көздеуден Владимир Вохмянин мен еркін күрестен Мәулен Мамыров алды.

1998 жылы шаңғышы Владимир Смирнов Наганодағы (Жапония) Қысқы Олимпиада ойындарында тағы да ерекшеленді.15 шақырымға еркін стильмен жүгіруде ол мәре сызығына үшінші болып келіп қола алды. Екінші қола медалін Қазақстанға конькимен жүгіруші Людмила Прокашева әкелді.

Сидней Олимпиадасы - 2000 жыл

Сиднейден де (Австралия) жерлестеріміз 3 алтын, 4 күміс медальмен оралды. Бекзат Саттарханов - Олимпиада чемпионы, 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті. Ермахан Ыбрайымов - 71 келіде бокстасты. Ольга Шишигина - кедергілермен 100 м қашықтыққа жүгіру бойынша жеңімпаз атанды. Ал, боксшылар Болат Жұмаділов (51 келіге дейін) және Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі) және еркін күрестен Ислам Байрамуков пен велошабандоз Александр Винокуров күміс алды.

2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ) және 2006 жылы Италияда өткен Қысқы Олимпиада ойындарында қазақстандықтар медальсіз қалды.

2004 жылғы Афины Олимпиадасында 119 қазақстандық 17 спорт түрінен өнер көрсетті. Тек жалғыз спортшымыз ғана жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ол - 69 келі салмақта өнер көрсеткен Бахтияр Артаев. Ол сондай-ақ Олимпиада чемпионы атағымен қоса, Вэл Баркер кубогын да жеңіп алды. Осылайша Вэл Баркер кубогын иеленген екінші қазақстандық боксшы атанды.

Тағы төрт спортшы күміс алды: боксшы Геннадий Головкин, ауыр атлет Сергей Филимонов, балуандар Георгий Цурцумиа және Геннадий Лалиев.

Жеңіл атлет Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов және грек-рим күресінен Мхитар Манукян қола алды. Нәтижесінде Қазақстан қоржынына сегіз медаль салынды.

Бейжің Олимпиадасы - 2008 жыл 

Бейжіңде 2 отандасымыз жеңіс тұғырынан қол бұлғады. Оның бірі 69 келі салмақта жұдырықтасқан боксшымыз Бақыт Сәрсекбаев болса, екіншісі ауыр атлетикадан 94 келі салмақта сынға түскен спортшымыз Илья Ильин болатын. Алайда, кейін Ильиннің жеңісін Халықаралық олимпиада комитеті допинг қолданды деп қайтарды.

Күміс медальді дзюдошы Асхат Жіткеев (100 келіге дейін), жеңіл атлет Ольга Рыпакова және грек-рим күресінің балуаны Нұрбақыт Теңізбаев (60 келіге дейін) жеңіп алды. Бастапқыда екеуі де қола жүлдегер болған, кейіннен қарсыластарының допинг қолданғандары белгілі болып, олар күміске ие болды. Грек-рим күресінің балуаны Елена Шалыгина, еркін күрестен Марид Муталимов, боксшы Еркебұлан Шыналиев және таэквондошы Арман Чилманов қола жүлдені еншіледі.


Лондон Олимпиадасы - 2012 жыл

Лондон олимпиадасы тәуелсіз Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылған еді. Онда қазақстандық спортшылар 7 алтынды қоржынға салды. Алайда, Халықаралық олимпиада комитеті тағы да допинг дауымен 4 спортшымызды медалінен айырды. Олардың ішінде өз атақтарын үш атлетіміз сақтап қалды. Олар: велошабандозымыз Александр Винокуров, үш қарғып секіру сайысынан Ольга Рыпакова және даңқты боксшымыз Серік Сәпиев. 

Осы орайда айта кетейік, Серік чемпиондық атақпен бірге Вэл Баркер кубогына ие болған қазақ жерінен шыққан үшінші спортшы атанды. Ал, ауыр атлетикадан Зульфия Чиншанло (53 келі), Майя Манеза (63 келі), Светлана Подобедова ( 75 келі) және Бейжіңде де чемпион атанған даңқты ауыр атлетіміз Илья Ильиннің (94 келі) чемпиондық атақтары күшін жойды. Бұған басты себеп - допинг дауы.

Қазақстан құрамасы үшін Сочидегі XXII қысқы Олимпиада ойындары айтарлықтай сәтті болмады. Бұл Олимпиада да жеңіс тұғырына мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ғана шықты. Ол қола медаль олжалады. 

Рио Олимпиадасы - 2016 жыл

Қазақстаннан әлемдік бәсекеге 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстандықтар барлығы 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) алып, ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.Алтыны аздау демесек, төрт жылда бір келетін дүниежүзілік додада ел қоржынына түскен бұл жүлделердің бәсі жоғары. 

Алтын медальді Нижат Рахимов (ауыр атлетика), Дмитрий Баландин (жүзу спорты), Данияр Елеусінов (бокс) жеңіп алды.

2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындағы XIII қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның намысын спорттың төрт түрінен 44 спортшы қорғады. Бірақ соңында бір ғана қола медаль бұйырды. 

Токиодағы 2020 жылғы жазғы Олимпиада ойындары коронавирус пандемиясына байланысты 2021 жылдың жазына ауыстырылды.