26 қар, 2020 сағат 14:15

Қазақстанның 10 қаласында ауа ластануының ең жоғарғы деңгейі тіркелді

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев IX Азаматтық форумда Қазақстанның негізгі экологиялық мәселелерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы азаматтар мен мемлекет арасындағы диалогты, өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың негізін қалады. Осы бағытта үкіметтік емес ұйымдар қоғаммен кері байланысты қамтамасыз ете отырып, азаматтық бастамаларды ұсынып, мемлекеттің нақты саясатын қалыптастыруға белсенді араласуда», - деді министр IX Азаматтық форумда өткен кездесуде. 

Спикер табиғи ресурстарды сақтау мен ұқыпты пайдалану республика үшін аса маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. 

«Еліміздің экологиялық проблемалары алуан түрлі және оларды шешу үшін кешенді тәсіл қажет. Негізгі экологиялық мәселелерге тоқталсам, ең алдымен ауаның ластануы мен өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды басқарудың төмен деңгейін айтар едім. Үшіншіден, Қазақстанның түрлі өңірлерінде қоршаған ортаның ластануы мәселесі баяғыдан бар», - дейді М. Мырзағалиев. 

Министрдің айтуынша, 10 қалада (Ақтөбе, Атырау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған) ауа ластануының ең жоғарғы деңгейі тіркелген. 

«Эмиссиялардың жалпы көлемі 2,5 млн тоннаны құраса, соның 56% - Қарағанды мен Павлодар облыстарына тиесілі», - деді М. Мырзағалиев.