18 мау, 2019 сағат 15:03

Қазақстаннан мал шығаруға тыйым салынуы мүмкін

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров төлдейтін малды көрші елдерге шығару мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде отандық малды шетелге шығару қарқыны бәсеңдемей отыр. Ресми мәліметке сәйкес, былтыр 50 мың бас мал өзге елдерге шығарылды. Ал биыл бес айдың ішінде шетелге кеткен малдың саны 42 мыңға жеткен.

"Әрине, бір жағынан ол жақсы. Демек, ауыл шаруашылығы саласындағы бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Шаруалар малды өсіріп, ары қарай сата алады. Бірақ екінші жағынан осы салада тәртіп бұзушылықтар да аз емес. Шетелге төлдейтін малымыз кетіп жатыр. Біз ол малды елге өзіміз әкелеміз. Оған қыруар қаржы да бөлініп тұрады. Ондай жағдайда төлдейтін малды көрші елдерге шығарған дұрыс емес", - деді Омаров есеп беруі кездесуінде.

Оның сөзіне қарағанда, өткен аптада арнайы екі топ Қытай мен Өзбекстан шекарасына жіберілген болатын. Қазіргі кезде аталған топтар тиісті тексерістерді бастап кетті.

"Алдын ала мәліметке сәйкес, заң бұзушылықтар өте көп. Мәселен, малдың құлағындағы бирканы алып тастайды. Содан ол малдың қайдан шыққанын анықтау мүмкін емес. Біз аталған тексерістер бойынша тиісті шара қабылдаймыз. Әзірге төлдейтін малды шетелге шығаруға тыйым салу туралы ұсыныс бар", - дейді Омаров.

Айта кетейік, былтыр индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында түйе мен бие сүті экспортқа шығарыла бастаған еді. Сүтті ұнтақ күйінде өндіретін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын Түркістан облысында орналасқан. Жоба қуаттылығы – 1,5 мың тонна сүт. Кәсіпорын 144 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.