23 нау, 2022 сағат 10:44

Қазақстандықтарды екі миллиард теңгеге алдаған пирамида ұйымдастырушысы сотталды

Атыраудағы Home Avto Invest компаниясының бұрынғы атқарушы директоры. © ATPressskz

Ақтөбе облыстық соты Home Avto Invest қаржылық пирамидасын ұйымдастырушы мен ұйымның Ақтау мен Атыраудағы бөлімшелерінің басшыларына қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Ақтөбе Таймс" басылымына сілтеме жасап.

Судьяға жәбірленушілердің тізімі мен сотталғандар оларға төлеуге тиіс шығын көлемін тізіп шығуға бір сағаттай уақыт кетті. Пирамида қызметінен келтірілген шығынның ең аз мөлшері 100 мың теңге болса, 20 миллион, тіпті 40 миллион теңге жоғалтқан жәбірленушілер де болды.

Көптеген жәбірленушілер соттан заңда қаржы пирамидасын құру және басқару үшін берілетін жазаның ең ауырын тағайындауды сұрады.

Нәтижесінде пирамиданы ұйымдастырушы ақтөбелік тоғыз жылға бас бостандығынан айырылса, Home Avto Invest компаниясының Ақтау және Атырау бөлімшелерінің басшылары алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды.

Олар жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ сот олардың үшеуін алдағы жеті жыл ішінде коммерциялық және қаржылық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырды.

Home Avto Invest қаржылық пирамидасы 2019 жылдың желтоқсанында құрылып, бірнеше ай жұмыс істеген. Ал 2020 жылдың ақпанына дейін ол 450-ге жуық азаматты алдап үлгерген. Жәбірленушілерге келтірілген шығын шамамен 2 миллиард 215 миллион теңге.