15 қаң, 2020 сағат 09:47

Қазақстандықтарды ақшаны жұмсаумен қатар жинақтау әдетіне баулу қажет - Президенттік кадр резервіне қатысушы

Қазақстандықтарды ақшаны жұмсаумен қатар жинақтау әдетіне баулу қажет. Мұндай пікірді Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президенттік кадр резервке кірген жастармен кздесуінде АХҚО Биржасының қаржы директоры Ринат Бектұров білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі қорларды жандандыруға байланысты бірнеше ойым бар. Мысалға, қазақстандықтарды ақшаны жұмсаумен қатар жинақтау әдетіне баулу қажет деп кәміл сенемін. Себебі жинақтау тек қана ауқатты адамдардың ғана емес әр адамның дағдысы болуы тиіс. Ол үшін қаржылық сауаттылықты бала шақтан қалыптастыру қажет деп ойлаймын», - деді ол.

Сонымен қатар Ринат Бектұров елімізде өтіп жатқан жекешелендіру бағдарламасын жалғастырып, оған ел азаматтарын барынша көп тарту керектігін айтты.

«Яғни, ІРО-ға қазақстандықтардың барынша көп қатысуын қамтамасыз ету қажет деп ойлаймын. «Астана» халықаралық қаржы орталығы аймағымыздағы жетекші қаржы орталыққа айналуы үшін осында әлемнің алдыңғы қатарлы қаржы институттарын қолда бар барлық мүмкіншіліктерді пайдалана отырып тарту керек. Бұған қоса, оларға жергілікті азаматтарды жұмысқа алып, халықаралық деңгейдегі мамандар деңгейіне дейін тәрбиелеуге ынталандыру керек. Бұл еліміз үшін тиімді болар еді деп сенемін», - деді АХҚО Биржасының қаржы директоры.