21 ақп, 2022 сағат 11:45

Қазақстандықтарды 60 млн теңгеге алдап кеткен алаяқ Дубайда ұсталды


Қазақстандық кәсіпорындардың 60 млн теңгеден астам қаржысын алаяқтық жолмен қолды еткен айыпты БАӘ-де тұтқындалды. Бұл туралы ішкі істер министрлігінде онлайн өткен баспасөз мәслихаты барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«БАӘ-ден қазақстандық кәсіпорындарды 60 млн теңгеден астам сомаға алдап кеткен алаяқ қайтарылды. Ішкі істер министрлігі интерполдың ұлттық орталық бюросы Дубай қаласындағы ҚР бас консулдығымен және қаржы мониторингі агенттігімен өзара іс-қимыл кезінде БАӘ-ден Қазақстанға 2015 жылдан бері аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін іздестіріліп жатқан 43 жастағы қылмыскер Төлеген Рамиев қайтарылды», - деді ҚР ІІМ өкілі Шұғыла Тұрлыбек.

Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта айыпты қамауға алынды.

«Соңғы 3 айда интерполдың жұмысының нәтижесінде Испания, Ресей, Бахрейн, БАӘ, Грузия, Венгрия және тағы басқа елдер аумағынан түрлі қылмыстар үшін іздестіріліп жатқан 16 адам анықталды. Мысалы, қаңтар айында Венгрияда хакерлік әрекеттер арқылы ақша ұрлағаны үшін Алматы қаласының полиция департаменті іздестіріп жатқан Румыния азаматы ұсталды. Ол трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында Қазақстан, Ресей, Қытай, Украина, Әзербайжан банктерінің шоттарына хакерлік шабуыл жасап, ақша жымқырған. Шығын сомасы 9 млн АҚШ долларын құрайды. Бүгінде айыптыны елімізге беру мәселесі қаралып жатыр», - дейді ол.