2020 жылдың ақпанынан бастап Еуразия экономикалық одағына мүше мемлекеттердің азаматтары шекарадан 100 мың АҚШ долларынан (балама) көп мөлшерде ақша алып өтетін болса, кеденшілерге ол ақшаның қайдан алғанын растайтын құжаттарын көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ЕЭК (Еуразия экономикалық комиссиясы – авт) Алқасы жеке тұлғалар шекарадан эквиваленті 100 мың АҚШ долларынан асатын ақша алып өтерде оны қайдан алғанын растайтын құжаттарын көрсететіні туралы қаулы қабылдады», - делінген комиссияның мәлімдемесінде.
Шешім биыл 6 тамызда қабылданған.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, ЕЭК шешім Комиссияның сайтында жарияланғаннан кейін 180 күнтізбелік күннен кейін күшіне енетінін мәлімдеген. Ал оның жарияланған күні – 7 тамыз.
Айта кетейік, ЕАЭО-ның қолданыстағы Кеден кодексіне сәйкес, кеден органына жолаушыларға арналған кедендік декларациясын ұсынған күні қолданыста болатын валюта бағамы бойынша 10 мың АҚШ долларына балама сомадан асатын қолма қол ақша қаражатын және (немесе) жол чектерін одақтың кедендік аумағына бір уақытта әкелу немесе одақтың кедендік аумағынан бір уақытта әкету кезіндегі қолма қол ақша қаражаты және (немесе) жол чектері кедендік декларациялауға жатады (ЕАЭО КК 160-бабы, 1-бөлігінің 7) тармағы). Кодекс 2018 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген.
ЕАЭО-ға қатысушы-мемлекеттер: Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы.