15 ақп, 2024 сағат 16:01

Қазақстандықтар енді тұтыну деңгейі бойынша суға әртүрлі тарифпен төлейді

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов биыл 11 ақпаннан бастап суды үнемді тұтыну мақсатында лимитті 4 деңгейлі тарифпен белгілеу енгізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

Министр мәжілісте өткен "Республикадағы сарқынды суларды қайта пайдаланудың проблемалары мен перспективалары" атты дөңгелек үстелде баяндама жасады.

“Суды үнемдеу үшін Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен 1 адамға шаққандағы тұтыну көлемінің белгіленген нормасы шегінде ауыз су қызметтеріне тұтыну көлемі бойынша саралау тетігі енгізілді. Бұйрық 11 ақпанда күшіне енді", – деді ол.


Бұйрықта суды тұтыну лимитін 4 деңгейлі тарифпен белгілеу қарастырылған:

І топ – айына 3 м3 дейін тұтынумен қолданыстағы тариф қолданылады (халықтың 49% тұтынады); 

ІІ топ – айына 3-тен 5 м3-ке дейін тұтынумен, тариф қолданыстағы тарифтен +20%-ға жоғары (халықтың 20%-ы тұтынады);

ІІІ топ – айына 5 м3-тен 10 м3-ке дейін тұтынумен, тариф қолданыстағы тарифтен +50%-ға жоғары (халықтың 20%-ы тұтынады); 

ІV топ – айына 10 м3 астам тұтынумен, тариф қолданыстағы тарифтен 100%-ға немесе 2 есеге жоғары (халықтың 11%-ы тұтынады).

Министрдің айтуынша, жоғарыда аталған тәсілді қолдану Ұлттық экономика министрлігі деректері бойынша 13 миллиард теңге қосымша табыс әкеледі. Табиғи монополиялар субъектілері бұл қаражатты желілер мен жабдықтарды реконструкциялау, желілердің тозу деңгейін төмендету және шығындарды азайту бағытына жұмсайды.