28 там, 2024 сағат 11:20

Қазақстандық жоғары оқу орындары атом электр станцияларына мамандар дайындайды: KazAtomExpo-дағы сарапшының пікірі


Егер біз АЭС салатын болсақ, кадр мәселесінде тәуелсіз болуымыз керек. Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен «КазАтомЭкспо» халықаралық ядролық энергетика көрмесінде айтты.

Нұрзада Бейсеннің айтуынша, факультетте 90 жылдан астам уақыт бойы физик-техниктер дайындалады. Сонымен қатар, биылдан бастап факультетте ядролық инженерия бойынша жаңа білім беру бағдарламасы ашылған.

"Егер біз атом электр станциясын (АЭС) салатын болсақ, кадр мәселесінде өзгелерге арқа сүйемеуіміз керек. Бізге өз мамандарымыз бен жас ғалымдарымызды дайындап, жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеу қажет. Бізде осыған қажетті барлық мүмкіндіктер бар. Осы тұрғыдан алғанда, біздің студенттеріміз бен түлектеріміз болашақ атом электр станциясында жұмыс істеу үшін ірі ядролық орталықтарда тәжірибеден өтуі өте маңызды", — деді Нұрзада Бейсен.


Сондай-ақ, декан студенттердің біліктілігін арттыру үшін қандай жағдайлар жасалғанын атап өтті.

"Бізде қос дипломдық бағдарламалар бар. Біздің студенттеріміз Ресей, Жапония, Корея, Қытай университеттерінде оқиды. Жыл сайын осы бағдарламалар бойынша 10-15 студент білім алады. Сонымен қатар, біздің студенттер Швейцарияда орналасқан Еуропаның ең ірі ядролық зертханасы — ЦЕРН-да тәжірибеден өтеді. Соңғы жылдары жас ғалымдарға көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл елдің академиялық деңгейін көтеру үшін маңызды қадам", — деп түйіндеді физика-техникалық факультеттің деканы.