12 жел, 2019 сағат 13:50

Қазақстандық ғалымдар 19 мың ғылыми мақала жариялаған - депутат

Қазақстандық ғалымдар халықаралық ғылыми деректер қорына 19 мың ғылыми мақала жариялаған. Бұл туралы елордада өткен ІІ Science Forum: Reseafch Impact атты ғылыми форумда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2011 жылы елімізде 411 ғылыми мақала жарияланғанын анық білемін. Ол кезде халықаралық басылымдар қолжетімсіз еді. Сол кезде ҚР Білім және ғылым министрі Elsevier ақпараттық-сараптамалық порталына ұлттық рецензияға қол қойды. Содан бастап студенттер мен ғалымдарға халықаралық ақпараттық агенттігіне жол ашылды», - дейді ҚР Парламент сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов.

Оның айтуынша, Elsevier базасының ішіне 20 мыңнан астам ғылыми журнал, 50 млн ғылыми мақала мен реферат кіретінін айтты.

«ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасымен жас ғалымдарға 3 млрд теңге бөлінген. Ғылыми мақалалардың жариялануына барынша қолдау көрсетілуде. Бүгінгі таңда еліміздегі ғалымдар 19 мың ғылыми мақала жарияланған. Elsevier 2013 жылы жұмысын 2-3 жылға тоқтатып, 2017 жылы жұмысын қайта жалғастырған болатын. Бұл үзіліс болмаған кезде ғылыми мақалалар тіптен көп болар еді. Қазақстанда әр студент, әр магистрант, әр Ph.D докторы, профессор, доцент ғылыми мақаласын жариялай алуы үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекет бұл үшін арнайы қаражат бөліп отыр», - дейді сенатор.

Еске сала кетсек, бұған дейін елордада түрлі саладағы ғалымдар марапатталғаны туралы жазған болатынбыз.