Қазақстандық экспорттаушылар Ресей аумағында қиындықтарға тап болып отыр. Бұл мәселенi бүгiн Мәжiлiсте өтiп жатқан үкiмет сағатында депутат Мәулен Әшiмбаев көтердi. Оның айтуынша, мемлекетiк органдар осы мәселеге назар аударып, отандық кәсiпкерлердiң мүддесiн қорғауы қажет, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Еуропа елдерi негiзiнен бiздiң энергетикалық ресурстар мен минералдық шикiзатты сатып алады. Ал отандық тауар өндiрушiлердiң өнiмiн негiзiнен Ресей, Қытай мен Орталық Азия елдерi импорттайды. Осыған байланысты серiктес елдердiң үкiметтерiмен қазақстандық экспорттаушылар тап болған түрлi кедергiлердi жою бойынша жұмысты күшейткен маңызды. Мемлекет басшыларының деңгейiнде түсiнiстiк пен өзара қолдау, сауда-экономикалық байланысты кеңейту бойынша келiсiмдер бар. Бiрақ оларды орындау деңгейiнде мәселелер туындап жататыны жасырын емес. Мәселен, бүiнгi күнi Еуразиялық экономикалық одақ елдерiнде отандық тауар өндiрушiлердiң мүддесiн iлгерiлетуде қиындықтар жоқ емес», - дейдi М.Әшiмбаев.
Депутаттың айтуынша, кедендiк одақ аясында кедендiк кедергiлер жойылғанымен, көршi елдiң аумағында бiздiң кәсiпкерлердi тексеретiн басқа бекеттер құрылған.
«Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының мәлiметi бойынша Ресей аумағында алдын ала хабарландыру бекеттерi құрылған. Қазақстандық кәсiпкерлер ауыл шаруашылығы өнiмiн экспорттаған кезде осы жерде тексеруден өтедi. Бiздiң тауар өндiрушiлер осы бекеттердiң жұмысын, тексеру өткiзу мерзiмiн, талап етiлетiн құжаттардың тiзiмiн бiлмейдi. Әрi бекеттер бiр-бiрiнен алшақ орналасқан, мұның бiздiң кәсiпкерлер үшiн шығыны үлкен», - дейдi ол.
Бұдан бөлек, Ресейге ет экспорттау кезiнде де қиыншылықтар туындайды. Сондай-ақ, Ресей мен Беларусь қазақстандық алкоголь өнiмдерiне қатысты шектеу шараларын да жойған жоқ.
«Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетiн iске асыру Сыртқы iстер министрлiгi мен өзге мемлекеттiк органдардан қазақстандық экспорттаушылардың бiрқатар нақты мәселелерiн шешу бойынша байыпты жұмысты қажет етедi», - дейдi депутат.