26 там, 2019 сағат 05:01

Қазақстандық делегация ШЫҰ Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысына қатысты

20-23 тамызда Мәскеуде Шанхай ынтымақтастық ұйымында (ШЫҰ) ресейлік төрағалығы шеңберінде ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің бірінші отырысы өтті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға ШЫҰ мәселелері жөніндегі Ұлттық үйлестіруші, ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Ерлан Әлімбаев қатысты.

Отырыста Ресейдің ШЫҰ-дағы төрағалығының басымдықтары, мүше-мемлекеттер басшыларының бастамаларын іске асыру барысы, ү.ж. 31 қазан - 1 қарашада Ташкент қаласында өтетін Ұйым елдері Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына, сондай-ақ басқа да жоғары деңгейдегі іс-шараларға дайындық жұмыстары талқыланды.

Сонымен қатар, Қазақстан делегациясы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхай ұйымы шеңберіндегі бастамаларын ілгерілету бойынша бірқатар ұсыныстар жасады.  

Іс-шара аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Ұлттық үйлестірушілері және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының тұрақты өкілдерінің бейресми консультациялары өтті. Қатысушылар екі ұйым арасында ықпалдасудың ықтимал жолдарын дамыту мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.