Қазақстанның бірнеше облысында мыс өндіретін ірі компания қызметкерлерінің 80 пайызы вакцина алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
KAZ Minerals компаниясының ел аумағындағы барлық өндірістік кәсіпорындарындағы еңбек ұжымының 80%-ы коронавирусқа қарсы вакцина салдырған.
Бұл көрсеткіш бойынша қызметкерлер саны ең көп өндірістік құрылым – Шығыс Қазақстан облысындағы «Шығыстүстімет» ЖШС болып отыр.
Онда екпенің екі компонентін жұмысшылардың 90,9 пайызы (6416 адам) алды.
«Ақтоғай» КБК-де вакцина салдырғандардың үлесі 80%-ға немесе 3113 адамға жетті. Павлодар облысындағы вахталық әдіспен жұмыс істейтін Бозшакөл кенішінде де екпе салдырғандар артып келеді. Нақты айтқанда, онда вакцинаның екі компонентін 2264 адам алды. Бұл - қызметкерлердің жалпы санының 83 пайызы», - делінген компания таратқан мәліметте.
Пандемия басталғалы бері кәсіпорын ШҚО мен Павлодар облыстарындағы медицина мекемелерін дәрі-дәрмекпен, қорғаныс құралдарымен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етті.