1991 жылдан бастап, Қазақстан өз тәуелсіздігін барша әлемге жариялап, өз дамуында жаңа дәуір, жаңа кезеңді бастады. Мемлекеттің тәуелсіздігін жариялау ісі бұл өте күрделі саяси үдеріс. Бұл аталмыш үдеріс Қазақстанға да оңай тиген жоқ.
Ескі саяси институттарды жоққа, шығарып, жаңа саяси-экономикалық платформа, үлгіге көшкен мемлекетіміз, жаңа заман талаптарын тез арада игеріп, орындауға кіріскен болатын. Осындай қиын жағдайларда саяси-экономикалық мәселелермен қатар, әлеуметтік-мәдени мәселелер де бірге орын алуы мүмкін еді. Себебі бұрынғы одақтас мемлекеттерде, тіпті қазіргі таңда да ұлтаралық- конфессия, дінаралық негізде даулармен, саяси қақтығыс, соғыстар орын алып жатқанына куә болып жатырмыз.
Мысал ретінде Қарабах трагедиясын, Тәжікстан, Приднестровье, Осетия, Абхазия сияқты т.б. «ыстық нүктелерді» атауға болады. Әрине бұл дағдарыстың себептері тереңде, және ол өз бастауын тарихи өткеннен алады. Тарих тәжірибесі көрсеткендей, халықаралық қауымдастық аталмыш мәселелерді шешуде қауқарсыз болып жатады. Мұндай мәселелерді көп жағдай осы жерлерде мекен ететін ұлттардың өзі ғана шеше алады.
Қазақстан бұл мәселелер мен дағдарыстардан, абыроймен өте алды. Бұл мәселелердің сәтті шешілуіне тарихи өткеннің рөлі де зор. Қазақстан көне замандардан бері әртүрлі мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысу аренасы болды. Бұл жерде алғаш рет жылқы қолға үйретіліп, ежелгі көшпелі салтты бабаларымыз, ақпараттардың, рухани құндылықтар – дін, идеологиялық қондырмырлар мен жаңалықтардың ретрансляторына айналды. Яғни бір-бірінен уақыт пен кеңістікте шалғай жатқан өркениеттерді табыстырып, жақындатты, нәтижесінде Рим империясы мен Қытай бірін-бірі туралы мәліметтерді осы бабаларымыздың ықпалымен танып білді деп айтуға болады. Қазақстан бойымен өткен Ұлы Жібек жолының осы территория үшін үлкен саяси-экономикалық маңызы болды. Осы сауда жолының бойында тұрған қалаларға жан-жақтан алуан түрлі жұрттар ағылды, осы қалаларға көршілес мемлекеттер де қызығып, соғыс та жариялаған болатын. Былайша айтсақ, Қазақстан территориясы – санқырлы оқиғалар мен құбылыстардың орын алып, ұлттар мен ұлыстар араласып, бітіскен жері.
Сондықтан да осындай ұлан-ғайыр террриторияда мекендеген, осы жерді иемденген халық әрқашанда өзгелерге төзімді, жаңалықтар мен өзгерістерге ашық әрі жақын болады. Сондықтанда соңғы жылдары еліміздің ішкі саясатының брендіне айналған ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен достығы – бұл қолдан ойлап табылған өнім емес, бұл тарихи мұра.
Талапкер Уалиев,
Ұлт порталы