Фото: gov.kz
Қазақстанда бүгінде 10 044 673 ер азамат тұрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы Отан қорғаушы күні қарсаңында жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.
Статистикаға сәйкес, елдегі ер адамдардың басым бөлігі еңбекке қабілетті жаста. Атап айтқанда, ер азаматтардың 56,5 пайызы 16-60 жас аралығында. Ал 0-15 жас аралығындағы ұл балалар үлесі – 30,2 пайыз болса, 61 жастан асқан ерлер саны 13,3 пайызды құрайды.
Ер адамдар ең көп шоғырланған өңірлер қатарында Алматы мен Түркістан облысы көш бастап тұр. Екі өңірде де ер азаматтар саны 1,1 миллионға жеткен. Сондай-ақ Алматы облысында 806,5 мың, ал Астана қаласында 785,4 мың ер адам тұрады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазақстандық ерлердің орташа жасы – 31,1 жас. Ал күтілетін өмір сүру ұзақтығы 72,19 жылды құрап отыр.
Еңбек нарығындағы көрсеткіштер де назар аудартады. 2025 жылғы дерек бойынша, жұмыспен қамтылған халықтың 51,6 пайызы немесе 4,8 миллион адам – ер азаматтар. Жалдамалы қызметкерлер арасындағы ерлер үлесі 50,6 пайыз болса, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасында бұл көрсеткіш 55,1 пайызға жеткен.
Ер адамдар көп еңбек ететін салалардың көшін өнеркәсіп бастап тұр – 16,5 пайыз. Бұдан кейін көтерме сауда (14%), ауыл шаруашылығы (12,4%), көлік және қоймалау саласы (11,1%) орналасқан.
Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер арасында да ер азаматтардың үлесі жоғары. Бүгінде кәсіпкер ерлердің үлесі 54,7 пайызды құрайды.
Статистика ең белсенді еңбек жасындағы ер азаматтар 35-44 жас аралығында екенін көрсетті. Бұл санатқа 1,4 миллионнан астам адам кіреді.
