Фото: Қорғаныс министрлігі
Бүгін Қазақстанда Отан қорғаушы күні аталып өтеді. Бұл – ел тыныштығын күзетіп, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген сарбаздар мен сардарларға құрмет көрсетілетін ерекше мереке, деп хабарлайды Ult.kz.
1992 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қарулы күштерді құру туралы №745 Жарлыққа қол қойды. Осы тарихи құжат тәуелсіз Қазақстан армиясының негізін қалап, ұлттық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға жол ашты. Содан бері 7 мамыр – ел қорғанысын күшейту жолында қызмет етіп жүрген әскери қызметшілердің кәсіби мерекесіне айналды.
Бүгінде Қазақстан Қарулы күштері заманауи талаптарға сай дамып келеді. Әскер құрылымына құрлық әскерлері, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштері кіреді. Ел армиясында ер азаматтармен қатар, әскери антқа адал нәзік жандылар да табысты қызмет атқарып жүр. Олардың арасында офицерлік шен иеленген кәсіби мамандар аз емес. Сондықтан бұл күн – әскери саладағы қыз-келіншектерге де ортақ мереке.
2012 жылдан бастап 7 мамыр мемлекеттік мереке ретінде белгіленіп, демалыс күні болып жарияланды. Осы күн қарсаңында үздік әскери қызметшілерге атақтар беріліп, марапаттар табыстау дәстүрге айналды.
Отан қорғаушы күні қарсаңында Ақордада салтанатты іс-шара өтті. Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаздар мен офицерлерді мерекемен құттықтап, ел қорғаны болудың зор жауапкершілік екенін атап өтті.
Президент өз сөзінде қазақ халқының ежелден ерлік пен батырлықты ту еткен халық екенін айтып, бүгінгі буынға жүктелген міндеттің де салмағы ауыр екенін жеткізді. Сондай-ақ мемлекет армияны нығайту, қорғаныс қабілетін күшейту және әскери қызметтің беделін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, Астанада мерекеге орай әскери қызметті насихаттайтын және патриоттық рухты дәріптейтін бірқатар іс-шара ұйымдастырылады.
