26 жел, 2024 сағат 14:52

Қазақстандағы ең ірі ұшақ апаттары

Фото: Reuters.com

2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау маңында ұшақ апатқа ұшырады. Бакуден Грозныйға бағыт алған Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі әуе кемесінде 67 жолаушы болған, оның ішінде бесеуі - экипаж мүшелері. Бүгінгі мәлімет бойынша, 29 адам аман қалып, 38 жолаушы қаза тапты. Бұл апат Қазақстан тарихындағы ең ірілердің бірі ретінде тіркеліп отыр. ULT.kz бұған дейін елімізде болған ең ірі әуе апаттарын еске түсірді.

Алатау үстінде ұшуға дайын болмаған

Қаза тапқандар: 166 адам
Себеп: техникалық ақау, биік таулы аэродромдарда сыналмаған

1980 жылғы 8 шілдеде Алматыда ең ірі әуе апаты орын алды. «Аэрофлот» әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Алматы – Ростов-на-Дону – Симферополь бағыты бойынша сапарға шығуы тиіс болған. Алайда, ұшу басталғаннан кейін екі минут өтпей-ақ, ұшақ жерге құлады. Бортта 156 жолаушы мен он экипаж мүшесі болған, барлығы қаза тапты. Жерде тағы 9 адам жарақат алды.

Ресми нұсқа бойынша, апатқа техникалық ақаулар себеп болған. Нақты айтқанда, Ту-154 ұшағы ең жоғарғы жүктемемен тау аэродромындағы ұшу жағдайына төтеп бере алмаған: ұшу сәтінде төмен қысым мен жоғары ауа температурасы тіркелген. Тергеу барысында Ту-154 ұшағының мұндай жағдайларда бұрын сынақтан өтпегені анықталды.

Әуедегі өрт

Қаза тапқандар: 90 адам
Себеп: Отынның ағып кетуінен болған өрт

Бұл қайғылы оқиға 1977 жылғы 13 қаңтарда болды. «Аэрофлот» әуе компаниясының Ту-104 ұшағы Новосібірден Алматыға ұшып келе жатқан. Қону кезінде ұшақтың сол жақ қозғалтқышы отқа оранды. Өрт басталғаннан екі минут өткен соң ұшақ жерге құлады. Борттағы 82 жолаушы мен 8 экипаж мүшесі қаза тапты.

Апаттың негізгі себебі - отын құбырларының бұзылуы салдарынан болған өрт. Отын ағып, салонның жанғыш заттарымен жанасып, өртенген. Ұшақ құламай тұрып-ақ, көптеген жолаушы түтіннен уланып, қайтыс болған. 

Кейін марқұмдардың туыстары апат болған жерге ескерткіш пен мемориалдық стела орнатты.

Фото: ашық дереккөз

Ұшқыш қателігі

Қаза тапқандар: 27 адам
Себеп: ауа райының қолайсыз жағдайында ұшқыш қателігі

2012 жылдың 25 желтоқсанында әскери-көлік ұшағы – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Ан-72 ұшағы Шымкентке қону кезінде апатқа ұшырады. Ұшақ Астанадан ұшып шыққан болатын. Борттағы 27 адамның барлығы, оның ішінде 20 жолаушы мен 7 экипаж мүшесі қаза тапты.

Қаза тапқандар арасында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің уақытша басшысы, полковник Тұрғанбек Стамбеков және оның офицерлер тобы болды.

Қазақстан Бас прокуратурасы апатқа себеп болған бірнеше факторды анықтады:

— радиобиіктік өлшегіші мен автопилоттың ақауы;
— экипаждың әрекеттері авиадиспетчер нұсқауларына сәйкес болмауы;
— мұздану жағдайында ұшу;
— ұшақты экипаж командирінің көмекшісі басқаруы.

Аға пилоттың жүрегі ұстап қалған

Қаза тапқандар: 21 адам.
Себеп: пилоттың жағдайы нашарлап, ұшақты басқара алмай қалған.

Қайғылы оқиға 2013 жылғы 29 қаңтарда орын алды. Ұшақ Көкшетау – Алматы бағытында ұшып келе жатқан. Қонуға жақындаған сәтте әуе кемесі құлады. Бортта болған 21 адамның барлығы — 16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі қаза тапты.

Тергеу есебіне сәйкес, ұшақ соңғы сәтке дейін ақаусыз жұмыс істеген. Апаттың себебі — аға пилоттың кенеттен өзін нашар сезінуі. Патологоанатомдардың қорытындысы бойынша, оның жағдайының күрт нашарлауына ықтимал себеп — жүректің ишемиялық ауруы болған. Ал екінші пилот диспетчерлермен радиобайланыс орнатып жатып, құралдардың көрсеткіштеріне назар аудармаған.

Қазақстан Президентінің Жарлығымен 2013 жылғы 31 қаңтар - ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Жаттығу кезінде құлаған тікұшақ

Қаза тапқандар: 13 адам.
Себеп: қолайсыз метеорологиялық жағдайлар және адами факторы

2019 жылғы 27 наурызда Қызылорда облысында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. 13 әскери қызметкер қаза тапты. Тікұшақ «Алтын жебе» арнайы бөлімшелерінің оқу-жаттығуы аясында Ақтаудан Шымкентке қарай ұшып бара жатқан.

Жаттығу түнде және күрделі метеорологиялық жағдайда өтті. Тергеу қорытындысына сәйкес, апаттың басты себебі – қолайсыз ауа райы, сонымен қатар адам факторының әсері.

Қаза тапқандардың барлығы кейін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, материалдық көмек көрсетті.

2019 жылдың шілдесінде Қызылорда облысы Жалағаш ауданында Ми-8 тікұшағының қаза тапқан экипажы мен жолаушыларына арналған ескерткіш орнатылды.

Фото: Almty.tv

Үйге соғылған ұшақ

Қаза тапқандар: 12 адам
Тірі қалғандар: 67 адам
Себеп: ұшақ қанатының мұздауы

Соңғы ірі әуе апаттарының бірі 2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыда орын алды. Bek Air әуе компаниясының ұшағы Алматыдан Астанаға ұшу кезінде апатқа ұшырады. Ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай ұшақ биіктігін жоғалтып, апатты жағдайда қонды. Ұшу-қону жолағынан шығып кеткен ұшақ жеке тұрғын үйге соғылды. Трагедия салдарынан 12 адам қаза тауып, 67 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. Бортта 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған.

2022 жылғы сәуірде апаттың алдын ала себебі ретінде қанаттың жерде мұздауы делінді. 

2020 жылғы қаңтарда Қазақстанның Авиация әкімшілігі Bek Air қызметінде бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Олардың ішінде бір әуе кемесінен алынған компоненттерді екінші кемеге орнату сияқты жағдайлар болды, бұл қолдану сағаттарын тіркеуде қиындықтар тудырған.