12 жел, 2016 сағат 08:51

Қазақстанда жылу тарифтері 17 пайызға өсті

Елімізде жылу тарифтері 17 пайызға дейін өскен. Талдықорғанда жылу тарифтері бір жыл ішінде бірден 56,5 пайызға өскен, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" EnergyProm сараптама қызметіне сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, ең "қымбат" қалалар - Алматы, Қостанай және Шымкент. Онда жылу тарифтерінің бағасы басқа облыстардан қарағанда 1, 5 есе қымбат екен.

Сондай-ақ, мамандар қазақстандықтардың биыл қараша айында 1 гигакалория үшін 3722,91 теңге төлегенін айтып отыр. Бұл 2015 жылдың қараша айындағы көрсеткіштен 17 пайызға көп екен.

Еліміздегі ірі қалалардың бірі Алматыда жылу тарифтерінің бағасы 1 гигакалория үшін 6,04 мың теңге болса (былтырғы бағамен салыстырғанда 4,4 пайызға қымбат), Қостанай тұрғындары1 гигакалория үшін 5,82 мың теңге төлеген. Шымкенттегі жылу тарату бағасы 1 гигакалория үшін 5,58 мың теңге екен.

Ал ең арзан бағалар - Павлодарда (1 гигакалория - 2, 23 мың теңге) және Астанада (1 гигакалория - 2,50 мың теңге).

Сонымен қатар, мамандардың айтуынша, Талдықорғанда бір жыл ішінде жылыту маусымының тарифтері бірден 56,5 пайызға көтерілсе, Көкшетауда 34,2 пайызға дейін көтерілген. Ақтөбеде де (31,2 пайызға) тариф бағасының жоғарылауы байқалады. Ақтауда ғана жылыту маусымының тарифтері өзгеріссіз қалған екен. Ондағы тұрғындар 1 гигакалория үшін 3,37 мың теңге төлейді.