Жыл сайын Қазақстанда 50 мыңға тарта адам мүмкіндігі шектеулі жан ретінде жаңадан тіркеледі. Бұл туралы Парламент Сенатында депутаттармен кездесу барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде Қазақстанда 670 мың мүмкіндігі шектеулі жан тұрып жатыр. Оның ішінде 61,9 пайызы еңбекке қабілетті жаста, 25,4 пайызы зейнеткерлік жастағы адамдар. Ал 12,7 пайызы 18 жасқа дейінгі балалар. Жыл сайын 50 мыңға жуық адам алғаш рет мүгедек деп танылады», - деді М. Әбілқасымова.
Оның сөзіне қарағанда, соңғы жылдары алғаш рет мүгедектікке шығу бойынша аурулардың құрылымы өзгермеген. Ересек адамдардың арасында қан айналымы жүйесінің аурулары - 26,9 пайызды, қатерлі ісік - 19,9 пайызды, кез келген жарақаттар - 10 пайызды, сондай-ақ балалар арасында дамудың туа біткен кемістігі - 32,5 пайызды және жүйке-жүйесінің аурулары 23,7 пайызды құрайды.