04 қыр, 2019 сағат 15:54

Қазақстанда жұмыс берушілердің міндеттері мен жауапкершілігі артады

Қазақстанның бірқатар заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев Мәжілістің жалпы отырысында айтты.

Оның айтуынша, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы қорытынды әзірленіп жатыр.

«Заң жобасында жұмыскерлерге лайықты еңбек және тұрмыс жағдайларын жасау бойынша жұмыс берушінің міндеттері мен жауапкершілігін арттыру, көрсетілген кезеңге жалақысы сақталмайтын демалыс беру жөніндегі жұмыс берушінің міндеттерін толықтыра отырып, мерзімді әскери қызмет атқару кезеңінде азаматтардың жұмыс орнын сақтау, еңбек шарттарын жасау мен есепке алуды және жұмыс беруші қызметін ҚР Еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестігін декларациялауды автоматтандыру көзделген», - деді Б. Мамраев.  

Өзгерістер мен толықтырулар 4 заңнамалық актіге, 2 кодекске және 2 заңға енгізіледі.

«Комитет осы заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша 2019 жылғы 25 желтоқсанға дейінгі мерзімде қорытынды әзірлеуге дайын. Қолдауларыңызды сұраймын», - деді комитет хатшысы.