25 там, 2022 сағат 16:26

Қазақстанда жаңа екі партия тіркелуі мүмкін


ҚР Әділет министрі Қанат Мусин «Халық дербестігі» мен «Намыс» партияларын құруға қатысты құжаттар тіркеу рәсімінің бірінші кезеңінен өткенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2019 жылдан бері Әділет министрлігіне 17 партияны тіркеуге қатысты бастамашы топтан өтінім келіп, құжат тапсырылды. Қазіргі уақытта екеуі бірінші кезеңнен өтіп, партия құру мәселесімен айналысып жатыр. Осы орайда «Халық дербестігі» мен «Намыс» бірінші кезеңдегі жұмыстарды атқарды», - деді Мусин елордада өткен баспасөз мәслихатында. 

Осы орайда ол заңнама бойынша партияны тіркеу рәсімі екі кезеңнен тұратынын еске салды. Біріншіден, партия құру ниеті туралы хабарлама беріледі, оған 1 мың адамның тізімі қосылуы керек. Бұл мәліметтерді Әділет министрлігі тексереді. 

«Бұл тізімнің арасында өмірден өткен адамдар, құқық қорғау органдары мен әскери қызметшілер болмауы керек. Заң бойынша бұл адамдарға партияға мүше болуға тыйым салынған. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған балалар мен басқа партияның мүшелері аталған тізімге қосылмайды. Тексеру барысында бұл адамдар тізімде болса, бастамашы топтың құрамындағылар 1 мыңнан азайып қалса, онда министрлік құжаттарды қайтарады», - деді министр.

Мусиннің айтуынша, бұл жағдайда бастамашы топты қайта құрып, аталмыш кемшіліктерді жойып, құжаттарды қайта тапсыруға болады. 

«Құжаттар дұрыс тапсырылса, онда бастамашы топтың құжаттары екінші кезеңге өтеді. Олар партияның съездерін өткізіп, өңірлерде филилалдарын ашып, мүшелерін тіркеп, тиісті құжаттарды министрлікке өткізеді. Сонымен қатар, заң бойынша партия мүшелерінің саны 20 мың болуы тиіс», - деді ведомство басшысы. 

«Парламентке енгізілген заң жобасында Президенттің бастамашылығымен тиісті өзгерістер ескерілген. Заң қабылданғаннан кейін, бастамашы топ тізіміндегілер саны 1 мыңнан 700 адамға дейін кемиді. Ал тіркеу мүмкіндігін арттыру үшін партия мүшелерінің саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азаяды. Сондықтан партия тіркеу рәсімі жеңілдейді. Қазіргі уақытта аталған екі партия съез өткізу әрекетін жасап жатыр», - деді Қанат Мусин.