16 сәу, 2025 сағат 12:27

Қазақстанда ұлттық спорт түрлері қалай дамып жатыр?

Фото: ашық дереккөзден
Қазіргі уақытта елімізде ұлттық спорттың 11 түрі ресми тіркеліпті. Олар - асық ату, аударыспақ, бәйге түрлері, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу, тоғызқұмалақ. Ал ұлттық спорт түрлері қалай дамып жатыр? Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары С.М. Жарасбаев Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен «Ұлттық спорт түрлерін дамыту туралы» отырыста айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

"2024 жылы «жаппай көкпар» ойынын ұйымдастыру мен өткізуді бақылау мақсатында Министрлік  республикалық спорт федерациясының аккредитациясын алу бойынша жұмысын аяқтады. Сондай-ақ, «жаппай көкпар» ойыны Қазақстан Республикасының аумағында спорт түрі ретінде танылып ресми түрде спорт түрлерінің тізіліміне кірді. Ойын барысында қатысушылардың қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету және туындайтын қауп-қатерді азайту мақсатында «жаппай көкпар» ұлттық спорт түрінің Ережесі бекітіліп, жергілікті атқарушы органдарға жіберілді", - деді ол.


Статистикалық деректерге сәйкес, Ұлттық спорт түрлерімен жүйелі түрде айналысатындардың саны 2024 жылы 700 мыңға дейін өсіп, секцияларда дене шынықтыру және спортпен айналысатындардың жалпы санының 9,6% құрады  (2023 жылы – 619,2 мың адам  немесе 8,7%). Олармен 1700 штаттық жаттықтырушы жұмыс істейді, оның ішінде – 1000-ы ауылда.

Ұлттық спорт түрлерінен ұлттық құрама командаларды дайындау үшін республикалық деңгейде үйлестіру жұмыстарын Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы жүзеге асырады.

Сонымен қатар республикамызда ұлттық спорт түрлерінен 17 мамандандырылған спорт клубы (Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Атырау (2), Ақтөбе, Абай, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан (3) облысыстары) және 15 мамандандырылған спорт мектебі (Астана қаласы, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан (2), Шығыс Қазақстан (3) облыстары  және 1 ұлттық спорт дирекциясы (Алматы облысы) жұмыс істейді.

2024 жылы елімізде халықаралық деңгейден ауылдық деңгейге дейін мыңнан астам жарыстар өткізіліпті. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, сонымен қатар, дәстүрлі түрде қазақ күресінен "Қазақстан барысы" республикалық турнирі, "Ұлы дала" жорығы марафон-бәйгесі мен «Ақ бидай» ауыл ойындары өткізілген.

"2024 жылы Министрлік Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясымен бірлесіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген ұлттық спорт түрлерін сақтау туралы есеп жасағанын атап өткім келеді. Бұл – құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және асық ату. Сонымен қатар, бұл тізімді салбұрын, тазы баулу сияқты жаңа элементтермен толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Елімізде ұлттық спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін беру мақсатында Министрлік ұлттық спорт түрлерін спорттың басым түрлеріне кіргізуге және оларды қаржыландыруға бағытталған заң жобасы қабылдануда. Заң жобасы аясында Ұлттық спорт түрі олимпиадалық, параолимпиадалық спорт түрлерінің қатарына кіріп жоғары жетістіктер спорты болып саналады". -деді министр орынбасары.


Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының бюджеті 2025 жылы 1,2 млрд теңгені, ал 2024 жылы 1,6 млрд теңгені құрады, 2023 жылы 780,0 мың теңге болыпты. 

"Айта кетерлігі, ұлттық спорт түрлерін дамытуды қолдауды облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері де жүзеге асыруда. Жалпы, 2024 жылы жергілікті бюджеттен 3,1 млрд теңге, ал  2025 жылы 4,8 млрд теңгеге ұлғайды. 2023 жылы - 1,5 млрд теңге", -дейді ол С. Жарасбаев.