27 шіл, 2016 сағат 19:00

Қазақстанда терроризм мен экстремизмді үгіттеген 94 сайт шектелді

«Қазақстанда терроризм мен экстремизмді үгіттеген 94 сайт шектелді», — деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитеті 2016 жылы Есіл ауданының сотына Қазақстан Республикасының Азаматтық процесстік кодексінің 48-тарауына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн ақпаратты қамтитын шетелдiк бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн заңсыз деп тану туралы 18 талап-арыз жолдаған», — делінген хабарламада.

Осы санаттағы азаматтық істер аудандық сотта каралып, талап-арызды қанағаттандыру туралы шешім шығарылған. Кодекстің 54-бабына сәйкес, Астана қаласы «Есіл» ауданының прокуратурасы осы істерге прокурордың қатысуын қамтамасыз етіп, тиісті қорытынды беріліпті.

Азаматтық істерді қарау натижиесі бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық қауіпсіздікке кері әсерін тигізетін, терроризм, экстремизм және сепаратизмнің кез келген нысанын үгіттеуге бағытталған 94 сайттың қызметіне шектеу қойылған. Шешім заңды күшіне енді.