09 нау, 2021 сағат 07:50

Қазақстанда тағы 500-ден астам адамнан коронавирус пен пневмония анықталды

Қазақстанда тағы 571 адамның коронавирус тесті оң шықты. 4 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды. Коронавирус пневмониясы - бұл ПТР тестпен емес, клиникалық белгілері бойынша Covid диагнозы қойылатын пневмонияның коронавирусқа ұқсас түрі. 7 наурыз күнгі мәлімет бойынша, 9 адам өлімі тіркелген: 7 адам - коронавирустан, 2 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

ПТР тесті оң шыққан науқастардың тәуліктік көрсеткіші бойынша бірінші орында Алматы қаласы тұр. Дүйсенбі күні мұнда 118 науқас анықталған. Ақмола облысында - 73, Павлодар облысында - 63, Нұр-Сұлтан қаласында - 61, Қостанай облысында - 50, Батыс Қазақстан облысында - 39, Алматы облысында - 38, Қарағанды облысында - 35, Атырау облысында - 27, Солтүстік Қазақстан облысында - 24, Шығыс Қазақстан облысында - 18, Жамбыл облысында - 17, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан облыстарында әрқайсысында 3 адамнан коронавирус анықталған.

2020 жылдың наурыз айынан бері 219 325 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Содан бері 2 819-ы қайтыс болған. Коронавирус анықталған, бірақ арнайы комиссия "Covid-тен емес, басқа аурудан қайтыс болды" делінген жүздеген адам өлімі бұл статистикаға енгізілмеген. Статистикада "коронавирусқа ұқсас пневмониядан" қайтыс болғандар да көрсетілмеген.

2020 жылдың 1 тамызынан бері елде 49 577 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 646 адам қайтыс болған. Елде коронавирус пневмониясына шалдыққандар былтыр маусым мен шілде айларында да байқалғанмен оның есебі тек 1 тамыздан бастап жүргізіле бастады. Денсаулық сақтау министрлігі мұның себебін коронавирус пневмониясын жалпы пневмониядан ажырату қиындығымен түсіндірді.

Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, коронавирус инфекциясына шалдыққандар туралы 2021 жылғы 9 наурыздағы мәлімет бойынша Қазақстанда 18 758 адам короновирус инфекциясынан (13 812 КВИ+ және 4 946 КВИ-) емделуде. Олардың ішінде 4 638 пациент - стационарда, 14 120 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр. 

КВИ+, КВИ- шалдыққандардың арасында:

• 254 адамның жағдайы ауыр;
• 54 пациенттің жағдайы өте ауыр;
• 40 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.

Сондай-ақ, Қазақстанда 9 наурыздағы жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары және Батыс Қазақстан, Атырау, Ақмола және Павлодар облыстары «сары» аймақта тұр. 

Ал қалған өңірлер - «жасыл» аймақта. 

«Қызыл» аймақта ешбір облыс жоқ.

Жалпы Қазақстан коронавирустың таралу қаупі жағынан «жасыл» аймақта орналасқан.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, әлемде 117,1 млн адамнан коронавирус анықталған, шамамен 2,6 млн адам қайтыс болған.