18 қыр, 2019 сағат 16:11

Қазақстанда соңғы сегіз жылда 14 теракт жасалды

Алматыдағы Шет тілдері педагогикалық колледжінің студенттеріне зайырлы қоғамдағы ислам дінінің рөлі, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастырумен шаһардағы ЖОО мен колледж студенттеріне экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары түсіндірілуде. Арнайы құрылған ақпараттық топ мүшелері жастарға бір сағат дәріс оқып, студенттердің дін саласына қатысты сұрақтарына жауап береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Елнар Берікбаев Шет тілдері педагогикалық колледжінің студенттеріне зайырлы қоғамдағы ислам дінінің рөлін түсіндіріп, діни экстремизм мен терроризмнің қаупін айтты.

«Ресми дерек бойынша бүгінде елімізде 15 мыңдай азамат теріс діни ағымның жетегінде жүр. Соңғы 8 жылда елімізде 14 теракт болған, салдарынан 90 адам қаза тапты. 32 адам лаңкестік бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылса, тағы 50-дей адам жазасын өтеуде. Сондықтан терроризмге қарсы күресте азаматтарымызға өз құндылықтарымызды дәріптеп, идея етіп ұсынып жатырмыз. Мәселен, АҚШ халқын «Америкалық арман» сияқты ұрандар біріктіреді. Біздің құндылықтарымыздың қатарында үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, жақыныңа қол ұшын созатын «асар» салты бар. Қонақжайлық, бейбітсүйгіштік сияқты ерекшеліктеріміз көп. Осының бәрін дәріптей білуіміз қажет», - дейді дінтанушы Елнар Берікбаев.

Қазақстанда азаматтардың діни сенім бостандығы қамтамасыз етілген. Конституция мен ұлттық заңнамалар ел тұрғындарына барынша кең құқықтар берумен қатар, бір мезгілде олардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін де айқындап берді.

«Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзі бар. Яғни, заңын, ереже-тәртібін сыйламаған елдің болашағы бұлыңғыр деген сөз. Қазақстан өзінің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екенін Конституция арқылы бекітіп, мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін зайырлылық қағидаттарына сүйенеді»,- деп түсіндірді Елнар Берікбаев.

Кездесу барысында дінтанушы Елнар Берікбаев мемлекеттік білім беру жүйесі де зайырлы және оның діни білім беру жүйесінен бөлек екенін баса айтты.

«Зайырлылық білім мекемелерінде жастардың бойында белгілі бір діни көзқарасты қалыптастыру дұрыс еместігін білдіреді. Сондықтан мектептегі хиджаб мәселесін көтеруші азаматтар сенім бостандығына мүмкіндік беретін заңға және басшыға бағынуы тиіс. Ал мектеп қабырғасында хиджабқа рұқсат берілмеуі білім мекемесінің ішкі тәртібін зайырлылық қағидаттарына сай сақтау мақсатында ғана жасалады. Мектептен тыс орындарда бұл мәселеге қатысты ешқандай тыйымдар көзделмеген», - деп қорытындылады дінтанушы.

Сонымен қатар, лектор студенттерге дін саласына қатысты сұрақтар қойып, пікірлерін тыңдады. Жастарды ашық диалогкқа шақырды. Колледж студенттері ойларын жасырмай айтып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.