28 нау, 2022 сағат 14:56

Қазақстанда синтетикалық есірткі өндірісі белең алды – ІІМ


Қазақстанда синтетикалық есірткі жасырын зертханаларда өндіріле бастады. Бұл туралы ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бастапқыда мұндай есірткі толығымен шетелдік өндірілетін және елге контрабандалық жолмен немесе пошталық және логистикалық көлік арналары арқылы жеткізілген. Кейде «синтетика» құрастырмалы түрде – яғни заңды химиялық заттар түрінде әкелініп, есірткінің аз дозалары шығарылған. 

«Алайда, қазіргі «қара» нарықты талдау кезінде есірткі сатушылардың ел ішінде жасырын зертханаларда синтетикалық есірткі өндірісін бастағаны анықталды. Бірнеше жыл бұрын елдегі есірткі ахуалына пәрменді әрекет етуге мүмкіндік берген заңнамалық бастамалар пакеті қабылданды», - деді Бақытжан Әмірханов министрлік ұйымдастырған онлайн-брифингте. 

Спикердің мәліметінше, 2019 жылдан бастап ішкі істер органдары 35 есірткі зертханасын жойып, 182 кг «синтетика» тәркіледі. Барлық жағдайларда химиялық прекурсорлар, реагенттер мен зертханалық жабдықтар Қазақстанға логистикалық компаниялармен, көрші елдердің пошта жөнелтілімдерімен жеткізілген. Сондықтан ІІМ көлік-логистикалық компаниялармен тығыз байланысып, күдікті жөнелтілімдерді анықтайды. 

«Өткен айда елордада «Family Village« коттедж қалашығындағы үйлердің бірінде есірткі өндірісін бастап, көтерме сатумен айналысқан жергілікті тұрғындар ұсталды. Сол кезде 1200 «Экстази» таблеткасы, 2 кг «Альфа-PVP» және 140 литр прекурсорлар алынды. Салмағы 1,2 кг болатын 2 синтетикалық зат жойылды, тек осы факт бойынша 4 кг синтетикалық есірткі тәркіленді», - деді Бақытжан Әмірханов.

Екі айда полицейлер 370-тен астам есірткі қылмысын анықтады, 7 есірткі зертханасын жойды, 420 кг-нан астам есірткі, оның ішінде 196 кг гашиш, 213 кг марихуана және 6 кг-нан астам синтетиканы тәркілеген.