07 сәу, 2021 сағат 09:37

Қазақстанда ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіру көлемі азайды

Ағымдағы жылдың алғашқы екі айында Қазақстанда мұнайдың 11,6 млн тоннасы өндірілді, бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 13,2 пайызға төмен, деп хабарлайды energyprom.kz сайты.

Мұнай өндіру көлемін қысқарту ОПЕК+ келісімдерімен қарастырылған. Бұл көрсеткішкөп ұзамай жоғарылауы мүмкін: 1 сәуірде ОПЕК+ елдері мамыр және маусым айларында мұнай өндіру көлемін тәулігіне 350 мың баррельге, ал шілдеде – тәулігіне 450 мың баррельге өсіруді келісті. 

Өңірлік деңгейде екі айда ең көп мұнай Атырау облысында өндірілген: 7,5 млн тонна, бұл өткен жылдың осындай кезеңіне қарағанда 16,1 пайызға аз. 

Мұнай өндіруден үздіктер «үштігіне» кіргендер арасында сондай-ақ Маңғыстау (2,6 млн тонна ) және Ақтөбе облыстары (758 мың тонна) бар. Бұл өңірлерде «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В.» филиалы, «Теңізшевройл» ЖШС, «Ембімұнайгаз» АҚ (Атырау облысы), «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қарақұдықмұнай» ЖШС (Маңғыстау облысы) және тағы басқа компаниялар жұмыс істеуде. 

Жалпы алғанда, 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында компаниялар мұнай өндіру көлемін 7,1 пайызға, яғни 73 млн тоннаға қысқартқан.