Фото:baq.kz алынды
Мұғалімдер күні осы уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде тойланып келді. Енді бұл мереке Үкіметтің қаулысы бойынша 5 қазан – Мұғалімдер күні деп бекітілді. Енді әлемнің 100-ден астам елі атап өтетін Дүниежүзілік мерекемен тұспа-тұс келіп отыр.
2019 жылы 27 желтоқсанда Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Заң қабылданғалы бері мұғалімдердің қоғамдағы рөлі, олардың мәртебесі көтеріліп келеді. Яғни, жүктеме азайтылды, оларды жосықсыз тексерулерден және басқа жұмыстардан қорғау, ынталандыру сынды мәселелер шешіле бастады. Жалақы бірнеше мәрте өсті. 2020 жылы 25 пайызға өсті. Кейінгі 4 жылда жыл сайын тағы 25 пайызға артып отырды.
Сонымен қатар заң бойынша сынып жетекшілік, дәптерлерді тексеру сынды қосымша жұмыстарға да екі есе көлемде үстемақы қарастырылған. Еңбек демалысының мерзімін ұзарту да ескерілді.
Осы мамандықта оқитындардың шәкіртақысы да көтерілді. Басқа да кешенді жұмыстардың нәтижесінде қазір бұл мамандық тартымды бола бастады. Жастар бұл мамандықты енді саналы түрде таңдай бастады.
«90-жылдары мұғалімдікке ең төмен балл жинағандар баратын. Әйтеуір диплом алудың амалын жасайтын. Ол кезде кадрлардың саны көп, сапасы төмен болды. 30 жыл ішінде білім жүйесі айтарлықтай өзгерді. Қазір педагогикалық факультетке түсудің өзі қиын, одан бөлек жүрегінде оты бар адам ғана мұғалімдікке баратын уақыт туды. Бұл дегеніміз, кадрлардың сапасының артуына әкеледі. Қадірі кеткен ұстаз мамандығы қазір қайтадан жаңғырып жатыр. Бұл қуанышты үрдіс.
Қазіргі балалар тым ерке. Сол себепті жас мамандар мектепте жұмыс істеуге талпынбайды. Мұғалімдер артық сөз айта алмайтын деңгейге жеткен. Ата-аналар өз шарттарын қояды. Әсіресе, жекеменшік мекемелерде. Мұндай жағдайға жас мұғалімдер шыдас бермейді. Сағы сынады. Бұл мәселені шешу үшін қазір жаңадан келген жас мұғалімдерге тәжірибелі тәлімгер беріледі. Ол жас кадрмен жан-жақты жұмыс атқарады, жаңа ортаға бейімделуге үйретеді, оқушылармен ертерек тіл табысуға жетелейді. Педагог ата-аналар мен оқушылар алдында сыйлы болу үшін өз ісінің шеберіне айналуы керек. Өзіне сенімді, пәнін жақсы меңгерген, толыққанды тұлға ретінде дамыған адам ғана «педагог статусына» лайықты бола алады», - деді педагог Эльмира Талипова.
Білім саласында елеулі өзгерістер бар
Эльмира Талипова 30 жылын бала оқытуға арнаған білікті ұстаз, тәжірибелі сарапшы. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі 30 жыл ішінде нақты қандай өзгерістер болғанына тоқталды.
«Елімізде Кембридж жүйесімен оқитын NIS зияткерлік мектептері ашылған жылдары қарапайым мектептердің білім бағдарламалары да ауыса бастады. Яғни оқу бағдарламасы мен оның мақсатын мемлекет белгілейтін болды. Енді мұғалімнің міндеті бағдарламада көрсетілген мақсат арқылы оқушыларға дұрыс білім беру. Бұл өзгерістер мұғалімдер қауымының жұмысын жеңілдетті. Соңғы жылдары бағдарламалар жиі ауыспайды, ол қуантады. Себебі жиі ауыстырылып жүрген кезде мұғалімдердің миы ашып, оқушылармен емес, бағдарламаға бейімделе алмай жүретін.
Екіншіден, 2015 жылдары Қазақстанның барлық мұғалімдері жаппай қайта даярлау курстарынан өте бастады. Бір емес, бірнеше рет. Жаңартылған білім беру мазмұнымен танысты. Одан бөлек, үш деңгейлі курстар ұйымдастырылды. Мемлекет қыруар ақша төлеп, оқытты. Үш ай бойы курстан өткен мұғалімдер жұмыстан босатылса да, мемлекет айлығын төлеп отырды. Стипендия тағайындады. Курстан кейін тағы бір жыл бойы үстемақы төленді. Осы бағдарлама елімізде 3-4 жыл қатарынан өткізіліп келді. Мемлекет оқуға ынтасы жоқ мұғалімдерді осылайша қызықтырды. Енді ақпарат ағыны кең заманда оқимын деген адам үшін барлық мүмкіндіктер бар. Ақылы болса да, курстар өткізіледі. Мұғалімдер тек мемлекетке сенбей, әрқашан өздерін дамытуға ынталы болуы керек», - деді маман.
Білікті мұғалім білімді шәкірт тәрбиелейді
Қазір педагогтар біліктілігін растайтын аттестация пайда болды. Тестілеуден сүрінбеген педагогтардың жалақысына қосымша үстемақы тағайындалады. Мысалы, педагог-шеберге 50%, педагог-зерттеушіге 40%, педагог-сарапшыға 35%, педагог-модераторға 30% үстеме ақы қосылады.
«Бес жылда бір рет мұғалім білімін растап отыруы өте дұрыс. Алайда «методика» бойынша келетін сұрақтардың шешімі жоқ, логикаға сыймайды. Мұғалімдер дәл осы методика бойынша өте алмай қалатын. «Қап-қара, төрт бұрышты» деген жұмбақты білесіз бе? Жауабы – жұмыртқа. Міне, мұғалімдердің жағдайы дәл осы жұмбақтың жауабы сынды. Биыл өзгерістер енгізеді деп айтып жатыр, көреміз», - дейді қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі.
Сонымен қатар мектеп оқулықтары мен қазақ тілінің статусын көтеретін шаралар қолға алынса екен дейді. Әсіресе, орыс мектептерінде оқитын оқушылардың қазақ тіліне деген сұранысы жоқ. Ал қазақ тілі оқулықтары көңілден шықпайды.
«Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде айтарым, бұл өзекті мәселе. Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді білмесе де жақсы өмір сүре аламыз деп ойлайды. Керісінше, орыс тілін білмейтін қазақтар жаппай репетитор қызметіне жүгініп жатыр. Сондықтан мұғалімдер оқушыларға мемлекеттік тілді өзің үшін үйрен деген менталитет қалыптастыруға тырысу керек. Жоқ патриотизмді балалардың бойына сіңіруге жұмыс жасау керек. Қазіргі мектеп оқулықтарының мазмұны балаға еш құндылық бермейтін түсініксіз мәтіндер жинағы. Тіпті оқушылар да не оқып жүргендеріне алаңдап отыр. Сондықтан оқулықтардың мазмұнын өзгертетін уақыт келді», - дейді Эльмира Талипова.
Білім саласындағы өзгерістер қандай?
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов енді оқулықтардың білім мазмұны сарапталатынын жеткізді.
«Бұрынғы «Оқулық» орталығы қазір үлкен трансформациялану жолында.
Енді орталық - білім мазмұнын сараптау мәселесімен айналысады. Яғни оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды ғана емес, білім саласына енетін барлық өнімдерді, жобаларды, цифрлық білім беру ресурстары мен оқу бағдарламаларынын сараптамадан өткізетін құзыретке ие болып отыр.
Алдағы уақытта әрбір білім беру ұйымы, білім беру бөлімдері мен басқармалары кез келген жаңа жобаны оқу процесіне енгізер алдында Орталықтың сараптама қорытындысын сұратуы керек», - деді ол.
Бұл жобаға орталықтың талаптарына сәйкес келетін кез келген педагог, ғалым мен әдіскер қатыса алады.
«Екінші мәселе – ҰБТ. Орыс мектептерінде оқитын оқушыларды ана тілін оқуға ынталандыру үшін, қазақ тілін ҰБТ-ға енгізу дұрыс шешім болар еді. Сонда сұраныс артады, қазақ тілін меңгеруге ата-аналар да қызығушылық таныта бастайды. Мысалы Англияда оқуға түсу үшін ағылшын тілін тапсырасың, онсыз мүмкіндігің жоқ. Сол тәжірибені біз де қолдансақ, қазақ тілінің қоғамдағы статусы өседі. Ал біздің оқушылар әлі күнге дейін бір сөйлемді құрастыра алмайды. Бұл шындық», - дейді Эльмира Талипова.
Әрине, өзгерістер бірден болмайды. Мемлекетіміз енді ғана білім саясатында қарқынды өзгерістер жасап жатыр. Қазір педагог мамандығына түсетін студенттер таңдалады, себебі оқуға түсу шарттары қиындады. Тіпті биыл 120-125 балл алғандар грантпен педагогикалық мамандықтарға түсе алмады. Яғни, педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беріле бастады. Білім саласы қай қашанда өзекті тақырып қой. Сондықтан бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде көтерілуі және талқылануы орынды. Жоғарыда аталған жайттар оң шешім тауып, білім саласы дами түседі деп сенеміз.