Фото: Pexels.com
Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба мектептерге жаңа форматтағы кәсіби және басқарушылық біліктілігі жоғары басшыларды даярлауға бағытталған. Биыл бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты, деп хабарлайды Ult.kz ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іріктеу кезеңдері:
Бағдарламаға іріктеу бес кезеңнен тұрады:
1. Тестілеу: Үміткерлер кәсіби және басқарушылық құзыреттерін бағалаудан өтеді.
2. Оқу: Екінші кезеңде үміткерлер арнайы курстарда оқиды.
3. Тағылымдама: Елдің жетекші мектептерінде тәжірибеден өтеді.
4. Қорытынды бағалау: Білімдері мен дағдылары тексеріледі.
5. Әңгімелесу: Министрлік комиссиясымен сұхбаттасу жүргізіледі.
Барлық кезеңдерден өткен кандидаттар білім беру ұйымдарының Республикалық кадрлық резервіне алынады.
Биылғы жылы алғашқы кезеңде 13 796 үміткер тіркелген. Барлық бес кезеңді аяқтаған соң 375 кандидат балабақша, мектеп және колледж басшысы лауазымына ұсынылды.
«Үміткерлер оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен соң сертификат алады. Осы сертификат негізінде олар кадр резервіне енгізіледі. Резервке енгендер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерсіз тағайындалады. Барлық кезеңдерден сәтті өткендерге «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі», — деп мәлімдеді Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.
Өткен жылы кадрлық резервке 208 кандидат алынған болса, олардың 170-і мектеп директоры лауазымына тағайындалды.