Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғанан кейін Алматыға қоныс аударған белгілі ресейлік блогер Даня Милохин тағы да сынға ұшырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Динара Сәтжанға берген сұхбатында неге өзге ел емес, дәл Қазақстанға көшіп келуінің себебін айтқан Милохин желі қолданушыларының ашуын тудырды.
«Біріншіден, тіл үшін. Бізге адамдармен араласып, жаңа таныстар табу керек. Бәрі орысша сөйлегендіктен, қиындық тумайды. Мәселен, мен ағылшын немесе басқа тілде сұхбат бере алмаймын, аудармашы жалдауға тура келер еді», – деп жауап берді.
Қазақ тілін үйрену қажеттілігі болмағаны үшін Қазақстанға келгенін ашық айтып отырған блогердің бұл сөзінен кейін жұрттың оған деген қарсылығы тіпті үдей түсті.
Желідегілердің бірі «Жылайтын күнің алда, аюға намаз үйреткендей қазақшаны үйренерсің әлі қиналып» десе, енді бірі қазақ тілінің құрметтелеріне күмәнмен қарайды: «30 жылда өз тілімізді тұғырына қондыра алмай, қаңғып келгеде қиналмасын деп осылардың тілін, мәдениетін сақтап отырған қандай халықпыз...».
Пікір қалдырғандардың тағы бір тобы «Келген мемлекеттің тілін, дәстүрін, салтын білуге міндеттісің деп неге айтпайды» деп тілшіге шүйліккен.