14 сәу, 2022 сағат 19:34

Қазақстанда кәсіпқой футзал лигасы құрылды


Қазақстанда кәсіпқой футзал лигасы құрылды. Мұндай шешім ҚР футбол федерациясының қабырғасында өткен отырыста қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Федерацияның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кеңес барысында елімізде футзалды дамыту мәселесі талқыланды. 

Лига құру туралы шешімді футзалдан OLIMPBET-Қазақстан чемпионатының барлық клубы бірауыздан қолдады. 

Лига президенті болып Қазақстан футбол федерациясы футзал департаментінің басшысы Асқар Әбілдаев сайланды. 

Ұйымның негізгі қызметі футзалдан ішкі жарыстарды ұйымдастыру болмақ. Олар: OLIMPBET - ҚР чемпионаты, OLIMPBET - ҚР кубогы, OLIMPBET - ҚР суперкубогы, сонымен қатар барлық жас ерекшеліктері бойынша ел біріншіліктері (U-13, U-15, U-17). 

Сондай-ақ кеңестің күн тәртібінде футзалдан Қазақстан Бірінші лигасын құру және жаңа маусымнан бастап футзал командаларын лицензиялауды енгізу мәселелері қамтылды.