ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов браконьерлік қылмысы үшін жазаны күшейту шараларын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мемлекет басшысы қол қойған Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру бойынша ҚР Заңы арқылы заңсыз аң аулау (ҚК 335-бабы) және заңсыз балық аулау (ҚК 337-бабы) теріс қылықтан ауырлығы орташа қылмыстар санатына ауыстырылды.
«Аталған фактілер үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, 10 млн теңгеге дейін айыппұл салу қарастырылған. Қорықтағы балықтардың сирек кездесетін түрлеріне және Қызыл кітапқа енгген жануарларды заңсыз аулау үшін 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, ал қылмыстық топтың құрамында немесе аса ірі мөлшерде қылмыс жасалса – 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген», - деді Марат Ахметжанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, қылмыс құралдарын, көлік құралдарын және браконьерлердің мүлкін міндетті түрде тәркілеу енгізіледі.
Айта кетейік, Марат Ахметжанов еліміздегі қылмыс ахуалы туралы, сондай-ақ қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру бойынша ҚР Заңын түсіндірді. Аталған заңға ҚР Президенті 2019 жылдың 28 желтоқсанында қол қойды және 2020 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді.