19 там, 2016 сағат 16:31

Қазақстанда биыл алты түрме жабылады

"2016 жылы Қазақстанда xалықаралық стандарттарға сай келмейтін 6 түзеу мекемесі жабылады. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Азамат Базылбеков мәлім етті", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Расында, Қазақстандағы түзеу мекемелерінің басым бөлігі xалықаралық стандарттарға сай келмейді. Себебі олар бізге сонау ГУЛАГ заманынан мұраға қалған. Ол кезде олар негізінен Қарағанды облысында көп шоғырланды", - дейді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның сөзі бойынша, Үкімет және ІІМ түзеу мекемелеріндегі жағдайды жақсарту бойынша жұмыстарды атқаруда.

"Жөндеу және жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Соңғы үш жылда төрт түзеу мекемесі толықтай жөнделді. Ағымдағы жылы тағы біреуі жөнделеді. Бұл түрмелердің барлығы xалықаралық нормаларға сай келеді және әрбір сотталушыны жеке-жеке орналастыруға мүмкіндік береді. Бұл сотталушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ең бірінші шарт.

Сонымен қатар мекемелерді қысқарту, оңтайландыру және оларды жабу бойынша шаралар қабылдануда. Екі жылдың ішінде біз екі мекемені жаптық және ағымдағы жылы тағы алтауын жабамыз", - деп атап өтті А. Базылбеков.