01 шіл, 2022 сағат 13:12

Қазақстанда бір жылда азық-түлік бағасы қалай өзгерді?

Фото:elements.envato.com

Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда азық-түлік тауарларының бағасы бір жылда 20 пайызға өскен. Ал азық-түлік емес тауарлар 13,2 пайызға өскен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Маусымдағы инфляция жылдық есеп бойынша - 14,5 пайыз, бір айда 1,6 пайыз болған. 2022 жылғы маусымда азық-түлік бағасы былтырғы маусыммен салыстырғанда, 19,2 пайызға өсті", - делінген хабарламада.

Сурет: Ұлттық статистика бюросы

Азық-түлік нарығында құмшекер 78,7 пайызға, қырыққабат 72,4 пайызға, пияз 69,3 пайызға өскен. Картоп бағасы 9,8 пайызға төмендеген.

Сурет: Ұлттық статистика бюросы

Бюро азық-түлік емес тауарлар бағасының өсуі 2022 жылғы маусымда 2021 жылғы маусымға қарағанда 13,2 пайыз болғанын атап өтті.

"Жеке пайдаланылатын тауарлардың бағасы - 23 пайызға, тазалық құралдарына - 20,8 пайызға, тұрмыстық құралдарға - 19,7 пайызға, құрылыс материалдарына - 18,6 пайызға, жиһаз бен үйдегі керек-жараққа - 18,2 пайызға, автомобильдерге - 15,1 пайызға, ыдыс-аяққа - 13,9 пайызға, тоқыма бұйымдарына - 10,8 пайызға, фармацевтикалық өнімге 9 пайызға көтерілген", - деді ведомство өкілі.

Ақылы қызмет бағасы бір жыл ішінде 9,2 пайызға өскен.

"Қоғамдық тамақтандыру қызметіне баға деңгейі - 15,9 пайызға, денсаулық сақтау саласына - 14,7 пайызға, шипажайларға - 13,7 пайызға, кешенді демалысты ұйымдастыруға - 13,2 пайызға, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындарының қызметіне - 12 пайызға, қонақүйлерге - 5,7 пайызға өсті. Жолаушылар көлігі қызметі 4 пайызға қымбаттады", - деді бюро өкілі.

ТКШ саласында электр энергиясына тарифтер 7,5 пайызға өскен, қоқыс шығаруға - 2 пайызға, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға - 1,4 пайызға өсті, ал орталық жылытуға - 2,3 пайызға, ыстық суға 0,9 пайызға төмендген.