24 қаз, 2019 сағат 11:43

Елімізде биометриялық мәліметтері бар жүргізушi куәлігi пайда болмақ


2021 жылдан бастап елiмiзде жүргізушi куәлігi толықтай өзгереді. Бұл туралы ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаев хабарлады.

Көлік жүргізушілері жаңа бастама қолданысқа енген уақыттан бастап ескі құжаттарын жаңа техникалық куәлікке айырбастауға міндетті.

«Мұндай өзгерістерге бару арқылы біз жүргізуші куәліктерін тіркеу қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Қазір сыйымдылығы жоғары жады бар жаңа үлгідегі чиптерді енгізу үстіндеміз. Ол көп ақпарат сақтауға қабілетті. Сондай-ақ чипке құжат иесінің биометрикалық деректерін, яғни саусақ іздерін де енгізетін боламыз», - дейді  ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ә.Кеңісбаев. 

Оның айтуынша, куәлікке енгізілетін чип құжаттың артқы бөлігінде орналасады. Сонымен қатар құжаттың түсін де өзгерту жоспарланған. Жаңа куәлік жеке құжатқа ұқсас жасалып, арнайы штрихкод енгізілетін болады.

ІІМ жаңа жүргізуші куәліктерін дайындау кезінде сапалы техникалық өнімдерді қолдануға уәде берді.

Айта кетсек, бұған дейін жаңа жүргiзуші куәлігі мен техникалық төлқұжаттың нобайы ұсынылған еді. Жауапты орган бұл жұмыстар қауіпсіздікті артыру мақсатында жасалып жатқанын айтады.

Бұндай жаңа бастама әлем елдерінің тәжірибесінде кездеседі. Мәселен, 2005 жылы Германия биометриялық мәліметтері бар құжатты енгізген Еуропалық Одақтағы алғашқы мемлекет ретінде белгілі. Ал, Украина биометриялық құжатты 2013 жылы қолданысқа енгізген. Құжатқа енгізілген чипте фотодан бөлек, тегі, аты, бойы және көзінің түсі мен оң және сол қолдағы саусақ іздері сақталған.  

Еске сала кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ішкі істер органдарын цифрландыру бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асуда. Министрлікке қарасты салалардың қызметін автоматтандыру мен цифрландыруға бағыталған нақты жобалар қолға алынған.