26 там, 2024 сағат 14:09

"Қазақстанда бала өлімінің 20%-ы жарақаттан": Мамандар балалар қауіпсіздігіне алаңдаулы

Фото: ortalyq.kz

Ресми статистика деректері бойынша жыл сайын республикада 200 мың бала жарақат алады, соның 70 пайызы үйде болады. Өткен жылы жарақат алу мен жазатайым жағдайдың кесірінен 1093 бала қайтыс болды, 1000 баланың денсаулығына қатты нұқсан келіп, мүгедек болып қалды.

Балалардың өлім-жітімі бойынша сыртқы себептерден: көлік қағып кету жағдайлары (22%) алда тұр, одан кейін аяқ астынан суға батып кету (13,4%), биіктен құлау (5,4%), отпен ойнап қайғылы жағдайға душар болу (5%) деректері жиі кездеседі. 

"Бұл сау баланы өлтірумен бірдей"

"Денсаулық сақтау министрлігі өлім-жітім статистикасының өсіміне қатты алаңдаулы, 20% балаларды біз ауру салдарынан жоғалтып отырған жоқпыз, бұл сау баланы өлтірумен бірдей. Өлім-жітімнің сыртқы себептерінің арасында анағұрлым маңыздысы – жол-көлік оқиғалары мен суға батып кету және биіктен құлау болып отыр. ЖКО кезінде балалардың қаза табуының көбеюі бұл мәселені шешуде ведомствоаралық кешенді әдістің қажет екенін көрсетеді", - дейді ҚР Президенті жанындағы ОКҚ алаңында өткен «дөңгелек үстелде» ҚРДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау Департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.


Жол-көлік оқиғалары кезінде балалардың қайтыс болуы жүргізушілердің жол қозғалысы ережесін бұзуы, велосипедтер мен самокаттарға арналған шлемді және басқа да жеке қауіпсіздік құралдарының жоқтығы себеп болады екен.

М. Ембергенованың айтуынша, балалардың жартысына жуығы суға түскенде жүзуге қажет қауіпсіздік құралдарын, яғни құтқару жилеттерін, белдіктер мен жеңдіктерін пайдаланбайды. Сонымен қатар суға түсетін жағажайларда қауіпсіздік шаралары сақталмаған.

"Қайғылы жағдайлардың 80%-ы ата-аналардың кінәсінен" 

 
Балалардың биіктен, әсіресе терезеден құлауы Қазақстандағы балалар арасындағы өлім-жітім себептерінің ішінде үшінші орында. Соңғы 3 жылда терезеден құлау статистикасы артып, өткен жылы 492 жағдайға дейін өсті, содан болатын өлім-жітім де көбейді. Кішкентай бала өсіп келе жатқан пәтерлерде міндетті түрде түрлі механикалық қорғаныс құралдарын орнату арқылы баланың терезеден құлауының алдын алуға болады дейді мамандар.

Мамандардың сөзінше балалардың өліміне әкелетін қайғылы жағдайлардың негізгі себепкерлері - баланы қараусыз қалдыратын ересектердің жауапсыздығы.

ДДҰ мен ЮНИСЕФ-тің «Бала жарақаттануының алдын алу туралы» мақаласында балаларға қатысты қайғылы жағдайлардың 80%-ы ата-аналардың кінәсінен болатыны айтылған. Ересектер балаларын үйде, автокөлікте жалғыз қалдырады, көлікте бала тұншығады, көлік жүріп келе жатқанда қауіпсіздік белдіктерін тақпайды немесе балалар креслосын пайдаланбайды, су қоймалары мен басқа да қауіпті орындарда оларға дұрыс қарамайды.  

Өзекті мәселені шешу үшін ҚР балалар жарақатының алдын алу бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасын әзірлеу үшін халықаралық ұйымдар өкілдерінің (ДДҰ, БҰҰ Балалар қоры(ЮНИСЕФ) қатысуымен Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.