10 ақп, 2025 сағат 12:01

Қазақстанда ауыр қылмыстар саны айтарлықтай төмендеді – ІІМ

Фото: Pexels.com

Ішкі істер министрлігінде Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың қорытындысы қаралды, деп хабарлайды Ult.kz.

Министр Ержан Саденов қоғамдық кеңес мүшелеріне еліміздегі криминогендік жағдай туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеген.

"Қылмыс деңгейі 11%-ға азайды. 2023 жылмен салыстырғанда 12 700 қылмысқа аз тіркелді. Егер 1990 жылдардағы жағдайды қарасақ, ол кезде қылмыс саны 200 мыңнан асатын. Қазір бұл көрсеткіш 102 мыңға дейін төмендеді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, нөлдік межеге жетуді көздейміз", – деді министр.


🔹 Ауыр қылмыстардың төмендеуі:

  • 1997 жылы адам өлтіру бойынша 2594 факт тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 565-ке дейін азайды.
  • Атыс қаруымен жасалған қылмыстар саны 1,5 мыңнан 118-ге дейін қысқарды.

🔹 Топтасып жасалған қылмыстар:
1992 жылы 18 928 қылмыс тіркелсе, бұл көрсеткіш 2024 жылы 5588-ге дейін төмендеді, яғни 4,5 есеге азайды.

🔹 Жаңа қауіптер – заманауи технологияларға бейімделу:
Ержан Саденов қылмыс түрлерінің өзгеріп, алаяқтықтың кең таралғанын айтты. Бұл қылмыстардың 42%-ын құрайды. Министр алаяқтықтың негізгі себептерін қаржылық сауаттылықтың төмендігі мен полицияға кеш жүгінумен байланыстырды.

"Министрлік халықтың киберқылмыстар туралы хабардарлығын арттыру және алдын алу шараларын күшейту бойынша белсенді жұмыс істеуде", – деді Саденов.


Қоғамдық кеңестің үш жылдық қызметі де талқыланды. Кеңес мүшелері ішкі істер органдарының қызметін жақсарту үшін маңызды ұсыныстар енгізгенін атап өтті.

Ішкі істер органдары мен азаматтық қоғам арасындағы ынтымақтастық құқық тәртібін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасын табады.