07 там, 2019 сағат 11:49

Қазақстанда «АрМИ-2019» ойындары басталды

Жамбыл облысының «Отар» 40-әскери базасында «АрМИ-2019» халықаралық армиялық ойындары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сайыста әлемнің 13 мемлекетінен келген әскерилер бақ сынап жатыр.


Ашық әскери ойындардың ашылу салтанатында ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, РФ Қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин қатысып жатыр.

«РФ Қарулы күштерінің бастамасымен басталған халықаралық армия ойындары биыл 5 жыл қатарынан өткізіліп жатыр. 5 жылда сайыстардың мазмұны кеңейіп, маңызы арта бастады. 39 елдің әскерилері қатысып жатыр. 10 мемлекет территориясында жарыс өтіп жатыр. Байқаулар саны 14-тен 32-ге артты. Бұл ойындардың дәрежесі бұрынғыдан да артып, халықаралық жарыстардың деңгейіне жетеді деген ойдамыз. Көшпенді халықтарда ұлттық ойындардың көбі ер азаматтардың әскери қабілетін арттыруға бағытталған.


ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында тарихымыздың бірінші қырын әскери істегі үлкен төңкерісті атады. Бұл ойындар Қазақстанда төртінші рет өтіп жатыр. Бұл біз үшін мақтаныш. Себебі Қазақстан түрлі елдердің әскери техникалық байланысының артуына үлес қосып жатырмыз», - деді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.

«Отар» әскери базасының территориясында 7-15 тамыз аралығында Әзербайжан, Армения, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Мысыр, Иран, Қырғызстан, Ресей, Сирия, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай елдерінен әскерилер дронды ұшыру, артиллериялық қарудан оқ атудан бақ сынайды.


Артиллериялық қарудан оқ атуға 12 елдің әскерилері қатысса, пилотсыз ұшақ ұшырудан 4 ел бақ сынайды. Байланысшылар сайысында байланысшы әскерилер басқару дабылдарын қабылдау, қабылдау стансасын ашу, байланыс торабын ауыстыру машығын көрсетеді.

Қазақстан Қарулы күштерінің өкілдері 3 байқауға да қатысып қана қоймай, шетелдерде өтіп жатқан 13 байқауға да қатысып жатыр.


Барлығы 32 спорт түрі болса, қазақстандықтар 16 спорт бойынша қатысады.

Айта кетерлігі, АрМИ-2019 халықаралық әскери ойындары 3 тамызда РФ территориясында «Патриот» көрме кешенінде басталды.