02 жел, 2020 сағат 14:57

Қазақстанда АИТВ инфекциясы бар 55 адам коронавируспен ауырды

Қазақстанда адамның иммунтапшылық вирусы (АИТВ) инфекциясы бар 55 адам коронавируспен ауырды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының директоры Бауыржан Байсеркин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Диспансерлік есепте тұрған адамдардың ішінде АИТВ инфекциясы бар 55 адам коронавируспен ауырған. Бұл адамдар антиретровирустық терапияға жатады деген болжам бар, демек бұл вирустың дамуын қандай да бір жолмен тежейді. Пандемияның қазіргі кезеңінде елімізде АИТВ инфекциясы бар 55 адам коронавируспен ауырған. Олардың ауырғандығы ПТР-тест арқылы расталған», - дейді Орталық Азиядағы ЮНЭЙДС кеңсесі директорының міндетін атқарушы Габриелла Ионашку. 

Сонымен қатар, ол АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеудің жеке хаттамасы жасалатын-жасалмайтыны туралы айтты. 

«Биыл біз АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарға арналған екі клиникалық хаттаманы жаңарттық, олар ересектер мен балаларға арналған клиникалық хаттама. Онда біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының АИТВ инфекциясын емдеу бойынша барлық соңғы ұсыныстарын енгіздік. Диагностикаға қатысты мәселелер де осылай шешілді. Әдетте, AРТ терапияда жүрген адамдар дәрі-дәрмектерді ұзақ уақыт қолданғандықтан, жас ерекшеліктеріне байланысты жүрек-қан тамырлары аурулары, тірек-қимыл аппараты аурулары, күйзеліс сияқты қосымша аурулармен ауырады. Мұндай адамдар коронавируспен ауырса – ерекше емдеу жолы қарастырылмағандықтан, басқалар қалай емделеді – олар да солай емделеді», - дейді ол.